Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Биыл Қарағанды облысының 174 елді мекенін су басу қаупі бар

Самарқанд және Федоров су қоймаларына, Соқыр өзенінің арнасына, Чкалово, Салонички, Рабочий, Ғ.Мұстафин атындағы елді мекендердің қорғаныс біліктерінің жай-күйіне аэровизуалды тексеру жүргізілді...

Биыл Қарағанды облысының 174 елді мекенін су басу қаупі бар
фото: дереккөз

Қарағанды облысының су тасқыны қаупі бар учаскелеріне әуеден бақылау жүргізіліп жатыр. Жағдайды бағалау мақсатында Қарағанды облысы ТЖД бастығының орынбасары Ақылбек Ахметжанов Қарағанды, Теміртау қалалары мен Бұқар жырау ауданының су тасқыны қаупі бар учаскелеріне әуеден тексеру жүргізді, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Ұшу барысында Самарқанд және Федоров су қоймаларына, Соқыр өзенінің арнасына, Чкалово, Салонички, Рабочий, Ғ.Мұстафин атындағы елді мекендердің қорғаныс біліктерінің жай-күйіне аэровизуалды тексеру жүргізілді. Ұшу қорытындысы бойынша белсенді балқу процестері байқалмағаны, өзен арналарында тұрақты мұз қату байқалатыны анықталды.

Қарағанды облысының аумағында су тасқыны қаупі бар 174 елді мекен ерекше бақылауға алынды. Өткен 2020 жылы Қарағанды облысының 33 елді мекені аумағында 22 шақырымнан астам қорғау бөгеттері мен дуалдары тұрғызылды және нығайтылды. Өзен арналарының су тасқыны қаупі бар учаскелерін 12 шақырым тереңдету, жағалауды нығайту, тазалау және кеңейту жүргізілді. 9 шақырым су бұру арналары салынды және жөнделді, 65,5 шақырым дренаж және су бұру жүйелері тазартылды, 74 учаскедегі су өткізу қабілеті жоғарылатылды.

"Қазір облыстың барлық өңірлерінде қар шығару, материалдық-техникалық құралдар қорын құру, тасқын қаупі бар елді мекендер мен автомобиль және темір жол учаскелерінің дайындығын тексеру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Облыста су тасқыны қаупінің туындауы кезінде басқару органдарының іс-қимыл алгоритмі әзірленді. Халық үшін ТЖ қаупі туындауы кезіндегі іс-қимылдар бойынша арнайы ұсынымдар әзірленді. Су тасқынына дайындық мәселесі күнделікті бақылауда, - деп хабарлады Қарағанды облысының ТЖД баспасөз қызметі.