Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

Кентаулық түлек ҰБТ-дан ең жоғары ұпай жинады

Кентаулық талапкер Айдос Қожанов Ұлттық бірыңғай тестілеуден 138 ұпай жинады. Бұл көрсеткіш әзірге еліміз бойынша ең жоғары нәтиже.

Кентаулық түлек ҰБТ-дан ең жоғары ұпай жинады
Фото: кейіпкерден

Айдос Қожанов Юрий Гагарин атындағы №16 мектеп-лицейінде 10 жыл бойы білім алған. Ал, 11 сыныпты «Грант» мектебінде бітірді. Жас түлек болашақта математика пәнінің мұғалімі болғысы келеді. Қазір бұл бағытта көп оқып, көп ізденуде. Қалалық, облыстық жарыстарға да қатысып тұрады. Жүлделі орындарды иеленген сәттері көп. Ұстаздары мен ата-анасы да дарынды оқушының болашағынан үлкен үміт күтеді.

Ұлттық тестілеу орталығы ұсынған мәліметтерге тоқталар болсақ, негізгі ҰБТ басталғалы бері 1 маусымға дейін 71 мың түлек тест тапсырған. Ең жоғары 137 балды үш адам жинаған. Ал, талапкерлердің 74 пайызы – шекті балдан өткен.

«Ереже бұзғаны үшін 126 адамның нәтижесі жойылды. Атап өтсек, смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан 94 талапкер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 27 адам шығарылды, бейнежазбаларды тексеруден соң ереже бұзған 5 адамның нәтижесі жойылды» - делінген ұлттық тестілеу орталығы таратқан ақпаратта.

Айта кетейік, Түркістан облысында 2023-2024 оқу жылында Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға жалпы 27 340 оқушы өтінім білдірген.