Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Алматы облысында шенеуніктер 134 млн теңгені жымқырған

24 мамырда Алматы облысы Іле аудандық сотында сегіз сотталушыға қатысты аса ірі мөлшердегі алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды. Олардың алтауы «Алматы облысының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесінің лауазымды қызметкерлері болған, деп хабарлады Paryz.kz. 

Алматы облысында шенеуніктер 134 млн теңгені жымқырған
Фото: paryz.kz

Сотта анықталғандай, 2022 жылғы желтоқсанда сотталушылар алдын ала сөз байласуымен балабақшаларды тіркеу туралы жалған құжаттар ұсынған және кейіннен оларды қағидалардың талаптарына сәйкес деп танып, мектепке дейінгі ұйымдардың тізбесіне енгізген. Бұдан әрі, 2023 жылғы қаңтарда Іле аудандық білім бөлімі осы балабақшалармен мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша қызметтер көрсетуге шарт жасасқан. Ол бойынша қызметтер мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша ай сайынғы төлемдер арқылы мемлекетпен қаржыландырылған. Осылайша Іле аудандық білім бөліміне 134 млн теңгеден астам аса ірі мөлшерде залал келтірген.

Жаза тағайындау кезінде сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде шын ниетпен өкінуін, келтірілген залалды ерікті түрде өтеуін, сондай-ақ екі сотталушыда жас балаларының болуын таныды.

Сот үкімімен барлық сегіз сотталушы ҚК-нің 190-бабы 3,4-бөліктері 1),2)-тармақтарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды және оларға: екі сотталушыға 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі, төрт сотталушыға 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру және екі сотталушыға 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – делінген сот хабарламасында.

ҚК-нің 74-бабына сәйкес екі сотталушының жазаны орындауы бес жылға дейін, бірақ бала он төрт жасқа толғаннан аспайтын мерзімге кейінге қалдырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.