Белгілі гигиенист-нутрициолог, медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик, ғалым, қазақ ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Төрегелді Шарманов 95 жасқа қараған шағында өмірден өтті, деп хабарлайды Paryz.kz
Қайғылы жаңалықты Төрегелді Шармановтың ұлы Алмаз Шарман әлеуметтік желіде жария етті. Ол әкесінің суретін жариялады, ал академиктің әріптестері ғалымның қайтыс болғанын жеткізіп, көңіл айтты.
Төрегелді Шарманұлы 19 қазан 1930 жылы Қарағанды облысы, Ұлытау ауданында туған. 1949 жылы мектепті бітірісімен Қарағанды мемлекеттік медициналық институтына оқуға түсіп, өте жақсы көрксеткішімен аяқтап шықты. 1955-1958 жылдары Қарағанды мемлекеттік медициналық институтынның асперантурасын жоғары көрсеткішпен бітірген.
Негізгі ғылыми еңбектері тамақтану физиологиясына арналған. Ол тамақтану тәртібінің бұзылу себептерін зерттеп, адам денесінде ақуыз, дәрумен жетіспеу жөнінде тұжырым жасады; мешел ауруының даму механизімін ашты. Оның басшылығымен емшектегі балаларға арналған «Бөбек», «Аруана», «Антихолестерин» тағам қоспаларын шығарды. Оның бастамасымен 1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық ұйымы (ДДҰ) мен ЮНИСЕФ-тің Халықаралық Алматы конференциясы өтіп, онда медицина - санатының алғашқы жәрдемнің ұлттық жүйесін ұйымдастырудың ұстанымдары алғаш рет тұжырымдалған Алматы декларациясы қабылданды.