Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

«89 млн теңге жымқырған»: Павлодарда қала және аудан әкімдігінің бірнеше қызметкері сотталды

Бүгін,  3 мамырда Павлодар қаласының № 2 соты аса ірі мөлшерде бірнеше рет алаяқтық жасау фактісі бойынша бір топ адамға қатысты қылмыстық істі қысқартылған тәртіпте қарады, деп хабарлайды Paryz.kz. 

«89 млн теңге жымқырған»: Павлодарда қала және аудан әкімдігінің бірнеше қызметкері сотталды
Фото: paryz.kz

Сотта  2022 жылғы тамыздан 2023 жылғы қыркүйекке дейінгі кезеңде Павлодар қаласы әкімдігінің және Павлодар ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері - А.Г., М.А., Б.А., Ж.А., А.А. қызметтік бабын пайдалана отырып, мүгедектердің жеке көмекшілерінің жұмысы үшін заңсыз ақы төлеу арқылы бюджеттен 89 миллионнан астам теңгені жымқырғаны анықталды.

Сотталушылардың кінәсі куәлардың айғақтарымен, құжаттамалық және заттай дәлелдемелермен, сондай-ақ сараптамалық қорытындылармен дәлелденді.

Сотталушылар кінәларын толық мойындады және залалды өтеді.

«Сот қылмыстың қоғамдық қауіптілік дәрежесін айтарлықтай төмендететін, жоғарыда аталған жауаптылықты жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, кінәлі тұлғаларға ҚК-нің 55-бабының 4-бөлігі негізінде әртүрлі мерзімге 3 жыл 6 айдан бастап 5 жыл 6 айға дейін бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны тағайындады», - делінген Павлодар қаласы № 2 сотының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Сотталғандарға жазаның барлық мерзіміне пробациялық бақылау, мәжбүрлі еңбекке тарту және міндеттер белгіленеді.

Сондай-ақ сотталғандар мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.