Шымкентте "Таза Қазақстан" акциясының "Өнегелі ұрпақ" апталығы басталып, көптеген іс шаралар ұйымдастырылуда. Бүгінгі іс-шарада қаламыздың тазалығына ардагерлер үлес қосты, деп хабарлады Paryz.kz.
Аға буын өкілдері жас буынға үлгі көрсетті десек болады. Абай саябағына жиналған белсенділер «Ұрпақтар сабақтастығы» атауымен ата мен немеренің бірлесіп атқарған еңбегіне куә болды.
Осындай үлгі мен даналықты дәріптеп, кейінгі жас ұрпақтың бойында табиғатқа, қоршаған ортаға деген жанашырлық, қамқорлық сезімдерін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған бұл іс шараға қаладағы бірқатар мемлекет және қоғам қайраткерлері, ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты.
Өз қаламызға қамқорлықпен қарау – әр азаматтың борышы. «Таза Қазақстан» акциясы аясында Шымкентте көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бүгін «Өнегелі ұрпақ» апталығына орай немерелерімізбен бірге саябаққа келіп, тазалық жұмыстарына қатысып жатырмыз. Өсіп келе жатқан балаларымызға, жастарға өнеге үлгі болсын деп атсалысып жатырмыз. Ал жастарымыз үлкендерге, қарияларға, ардагерлерге көмек көрсетіп, игі істермен айналысуда. Осыған үлкен алғысымды білдіремін, – деді Кенжехан Төлебаев.
350-дей адам қатысқан тазалық жұмысында қариялар мен ардагерлер ерікті жастарға тазалау, шөптерді ору, қоқыстарды шығару, ағаштарды әктеу жұмыстарына қол көмек беріп, ақылдарын айтып, жол көрсетті. Әсіресе қариялар осындай игі істің Ұлы жеңіс күні қарсаңында өткеніне қуанышты.