Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Министрлік тасқыннан қанша бас мал қырылғанын хабарлады

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі Олжас Тілебалдин еліміздегі су тасқыны салдарынан қанша бас мал қырылғанын айтты, деп хабарлады Paryz.kz. 

Министрлік тасқыннан қанша бас мал қырылғанын хабарлады
фото: Tobolinfo

Қазір залалды өтеу және деректерді салыстыру жөніндегі комиссиялар су тасқыны салдарынан 8,2 мың бас мал қырылғанын растады. Жалпы мал шығынының 70% -ға жуығы – ұсақ мал. Министрліктің республикалық эпизоотияға қарсы жасағы облыс әкімдіктерімен бірлесіп, өлген жануарларды жинау және жою жұмысын жүргізіп жатыр. Қазір барлық малдың 97%-ы жойылды, - деді Олжас Тілебалдин ОКҚ-да өткен брифингте.

Сондай-ақ ресми өкіл «Шығу тегі күмәнді ет сатылып жатыр» деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын атап өтті.

АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті су басқан өңірлердегі эпизоотиялық жағдай тұрақты болу үшін мал қорымдарына қосымша профилактикалық дезинфекциялық өңдеу жұмысын жүргізіп жатыр, - деді ол.

Олжас Тілебалдин республикалық штабтың хаттамасымен өлген малдың құнын өтеу алгоритмі бекітілгенін жеткізді. Өтемақыны алу үшін қазақстандықтардың жергілікті комиссияға жүгінуі шарт. Мал бойынша өтемақы мөлшері Ұлттық статистика бюросының дерегі негізінде анықталады.

Ресми өкіл өңірлерде малынан айырылған тұрғындарға өтемақы төленіп жатқанын айтты.

Қазір Қостанай облысында 780 бас малға 113,2 млн теңге, Ақтөбе облысында 753 бас малға 98,3 млн теңге өтемақы төленді. Қарағанды облысында өлген малдың шығыны толық өтелді. Батыс Қазақстан облысында өтемақыға 187,4 млн теңге бөлінді. Өтінімдерді қабылдау рәсімі жүргізіліп жатыр. Апта соңында төлем жүргізу басталады. Сондай-ақ Атырау және Ақмола облыстарында өтемақы алуға өтінімдер қабылдануда, - деді Олжас Тілебалдин.

Өтемақыны төлеу бюджет қаражатынан да, бюджеттен тыс көздерден де жүргізіледі.

Қосымша сұрақтар бойынша қазақстандықтар төмендегі жедел желіге хабарласа алады:

  • 8 (7172) 573358 немесе 87470943381;
  • Сондай-ақ тәулік бойы жұмыс істейтін Telegram-дағы pavodki_kz_bot-қа жазуға болады.