Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

Судан зардап шеккендердің зақымданған дүние-мүлкі қалай қалай бағаланады

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданында табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындардың шығыны есептеле бастады. Қазір мамандар суда қалған баспаналар мен дүние-мүлікті зерттеп, бағалап жатыр.

Судан зардап шеккендердің зақымданған дүние-мүлкі қалай қалай бағаланады
Фото: Қызылжар ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

СҚО-да су тасқынының зардабын Қызылжар ауданы ең көп тартты. Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, аудан бойынша 1485 үй суға кетті. Оның 197-сі – Бескөл ауылында. Қазіргі уақытта тасқын судың беті қайтқан. Тұрғындардың кейбірі үйлеріне кіруге мүмкіндік алды.

«13 сәуір күні су келді. Үйдің қабырғасынан-ақ көруге болады, су бір метрден астам көтерілді. Ал үйдің ішінде биіктігі 10-15 см-дей болды. Соған қарамастан дүние-мүлікке зиян келді. Жаңа үй, 2018 жылы ғана кірген едік. Жөндеу қажет, техникамыз істен шықты. Қазір маман техникалық зерттеу жүргізіп, келген шығынды бағалап жатыр. Таңертең хабарласып, өтініш тастадым, кешке келді», - дейді Бескөл ауылының тұрғыны Ермек Мауытов.

19 сәуірден бастап Қызылжар ауданында бағалаушы компания өкілдері жұмыс істеп жатыр. 

«Бүгінге дейін 100-ден астам үй қаралды. Су кеткен баспаналарға техникалық зерттеу жүргізіп жатырмыз. Ешкім ұмыт қалмайды, бұл жұмысты тез арада аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ең алдымен зақымданған мүлікті қарап, суретке түсіреміз. Едендерін, қабырғаларын көреміз, электрикасын қараймыз. Тұрмыстық техникаға сервис орталықтан сервистік қорытынды керек болады, оның істен шығып, қалпына келтіруге болмайтындығы жөнінде. Яғни судан бүлінсе, бағалау үшін сервистік орталықтың қорытындысы қажет. Өйткені біз ондай қорытынды бере алмаймыз», - дейді «Группа компаний Ак барс-Финанс» ЖШС бас директоры Мидхат Фасхутдинов.

Сондай-ақ үйге бағалаушы маманды шақырған тұрғындар құжаттарын – жеке куәлік пен үйдің техникалық құжатын түгендеп отыруы керек.