Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Бишімбаев судьяға ұялы телефонының паролін беруден бас тартты

Астана сотында азаматтық некедегі әйелін аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаев судьяға ұялы телефонының паролін беруден бас тартты, деп хабарлайды Paryz.kz. 

Бишімбаев судьяға ұялы телефонының паролін беруден бас тартты
Фото: видеодан скриншот

18 сәуірде өткен сот отырысында сотталушы Бақытжан Байжановтың ұялы телефонындағы деректер тексерілді. Содан кейін прокурор Бишімбаевтың телефонын зерттеуге көшуі қажет еді. Алайда Бишімбаев телефонының құпиясөзін тек өз қорғаушысына айтатынын мәлімдеді.

«Телефоныңыздың құпиясөзін қандай мақсатта бергіңіз келмейді?», - деп сұрады судья Айжан Құлбаева.

«Мен өз қорғаушыма беруге дайынмын. Осы іске қатысты мәліметтің, ақпараттың бәрін бердім. Ол жерде басқа ақпарат көп...», - деді Бишімбаев.

Судья телефондағы деректердің тағылған айыпқа қатысты тұсы ғана зерттелетінін айтты.

«Басқа жеке әңгімелеріңіздің тағылған айыпқа қатысы жоқ. (...) Процесс барысында бірнеше рет телефоныңыздың құпиясөзін беретініңізді, Салтанат екеуіңіздің әңгімеңізді бәрі көретінін, бұл қылмыстық құқық бұзушылықты жасамағаныңызды айттыңыз. Енді бұл әрекетіңізге қарап ұстанымыңызды өзгертіп, судьяға телефоныңыздағы деректерді көруге рұқсат бермей отырсыз, дұрыс па?», - деп нақтылады судья.

«Жоқ, мен құпиясөзді тек қорғаушыма айтамын, ол телефонды ашқан соң, ішіндегі деректерді қарай аласыз», - деп жауап берді Бишімбаев.

Судья Құлбаева құпиясөз судьяға хабарлануға тиіс екенін және оның қылмыстық іс материалдарына қосылатынын айтты. Сондай-ақ сотталушының телефонның құпиясөзін беруден бас тартқанына байланысты сот тергеуінің келесі кезеңіне өтетінін жеткізді.