Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Мәжіліс «Масс-медиа туралы» заңды мақұлдады

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Масс-медиа туралы» және «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлады Paryz 

Мәжіліс «Масс-медиа туралы» заңды мақұлдады
фото: kursiv.kz

Заң жобалары журналистердің мәртебесін арттыруды, олардың құқығын нығайту мен міндеттерін қайта қарауды, журналистердің артықшылығын кеңейтуді көздейді.

«Құжатта жекелеген журналистерге оңайлатылған аккредиттеу құқығын беретін баспасөз картасын енгізу жөніндегі норма ұсынылды. Бұл норма жұмыс тобында, жалпы қоғамда үлкен пікірталас тудырды. Жұмыс тобы мүшелерінің басым көпшілігі бұл норманы – демократиялық принциптерге қайшы, журналистерді алалау, жан-жақты ақпарат таратуға кедергі келтіретін норма деп бағалады. Сондықтан бұл норма бойынша нақты шешім қабылданды, баспасөз картасы туралы норма жойылды», - деді депутат Жанарбек Әшімжанов.

Заң жобасында депутаттар енгізген бірқатар түзету бар:

  • «Баспасөз картасы», «Бұқаралық ақпарат», «Діни теле бағдарлама», «Журналистердің құқығы мен бостандығының сақталуы туралы Ұлттық баяндама», «Теле-радио арнаны есепке қою туралы куәлік» ұғымдарын алып тастау;
  • «Журналистің ерекше мәртебесі» және «Аккредиттеудің оңайлатылған тәртібі» ұғымдарын енгізу, «Журналистерді (бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін) аккредиттеу» және «Масс-медиа мониторингі» ұғымдарын нақтылау;
  • Желілік басылымдар мен ақпарат агенттіктерін БАҚ түрлерінің бірі болып саналатын «интернет-басылым» бірыңғай ұғымына біріктіру. Мұнда интернет-басылымдар барлық дәстүрлі БАҚ сияқты міндетті түрде есепке қойылады;
  • Масс-медиа қызметінің негізгі міндеттерін нақтылау;
  • Үкіметтің мемлекеттік ақпараттық саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу және оларды іске асыруды ұйымдастыру жөніндегі құзыретін толықтыру;
  • Журналистің (бұқаралық ақпарат құралдары өкілінің) кәсіби қызметіне құқықтық кепілдіктер белгілеу;
  • Мемлекеттік тілдегі теле-радио бағдарламаларды тарату және отандық контент көлемі бойынша талаптарды 2025 жылдан бастап – 55 пайызға, 2027 жылдан бастап теле-радио бағдарламалардың жалпы көлемін 60 пайызға ұлғайту;
  • Құқықтың бұзылуына байланысты БАҚ-қа қойылатын талаптар бойынша ескіру мерзімін 3 жылдан 1 жылға дейін қысқарту;
  • БАҚ қызметін өзін-өзі реттеу мәселелері бойынша қоғамдық-кәсіби кеңестердің негізгі функциясы ретінде журналистердің Әдеп кодексін әзірлеуді айқындау;
  • Балалар басылымдары мен өңірлік газет-журналдарын қаржылай қолдау (грант тағайындау);
  • Отандық теле-радио арналардың апта сайынғы хабар тарату көлемінде шетелдік теле-радио арналардың теле-радио бағдарламаларын ретрансляциялауды 20 пайыздан 10 пайызға дейін қысқарту;
  • «Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы» Қазақстан заңымен реттелетін онлайн платформаларда ақпаратты орналастыру, тарату жөніндегі қатынастарды реттеу ерекшеліктері туралы норманы енгізу қарастырылған.

Жанарбек Әшімжановтың айтуынша, ілеспе заң жобасы аясында Қазақстанның қылмыстық, кәсіпкерлік кодекстеріне және 12 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.

Мәжіліс депутаттары заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.