Петропавлда Есіл өзені арнасынан шығып, Заречный кенті жанынан өтетін халықаралық маңызы бар «Новосібір-Челябі» тас жолын су басты.
Тасқын су Петропавлға жетті.
«Қазгидромет» РМК Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының мәліметінше, өткен бір тәулікте Есіл өзені қала маңында 144 см-ге көтерілген. Осылайша қауіпті деңгей – 960 см-ден асып, таңғы сағат 8.00-дегі мәлімет бойынша 1038 см-ге жетті.
Қазір Есіл өзенінің тасуына байланысты, «Челябі-Новосібір» М-51 автожолының 528 км жолдың үстінен су кетті. Ал өзен суының деңгейі 1050 см-ге жеткен жағдайда, Заречный кентіндегі саяжай қоғамдастығының төменде орналасқан учаскелерін су басуы мүмкін.
Сергеевка, Покровка елді мекені маңында топан судың беті қайтып, түсе бастады. Өткен тәулікте Сергеевкада 15 см-ге, Покровкада 36 см-ге төмендеді.
Новоникольское елді мекені маңында Есіл өзені әлі де көтеріліп жатыр, бір тәулікте 41 см-ге көбейген. Долматово елді мекенінде 135 см-ге көтерілді.
Сергеев су қоймасындағы жағдай өзгеріссіз, қазіргі уақытта ол 176 % толған.
Ал шағын өзендер деңгейі түсіп жатыр.