Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Су тасқыны: СҚО, Қостанай және Ақмола облыстарында апаттың беті қайтар емес

Еліміздің солтүстігінде су тасқыны қаупі күшейіп барады, деп хабарлады Paryz.kz. 

Су тасқыны: СҚО, Қостанай және Ақмола облыстарында апаттың беті қайтар емес
фото: Massaget

Ақмола облысы әкімдігінің жұмылдыру дайындығы бөлімінің басшысы Марат Оспановтың айтуынша, өңірдегі 5 ауданды су басуы мүмкін.

Даладан еріген судың келуіне және ауа райының жылынуына байланысты су басқан аймақтар бар. Бүгінде эвакуацияланған 526 тұрғын өз үйлеріне оралды. Қазір облыстағы 5 ауданда су тасқыны жағдайы тұрақталып, қауіптің беті қайтты. Бұл – Степногор қаласы, Біржансал, Ақкөл, Ерейментау және Егіндікөл аудандары. Шұғыл іс-әрекеттің нәтижесінде 25 елді мекендегі 2 мыңнан аса үйдің су астында қалуына жол берілмеді. Мұнда 5 мыңнан аса адам тұрады. 18 мың бас мал қауіпсіз жерге көшіріліп, олардың қырылуының алдын алдық, - деді Марат Оспанов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ облыстағы Есіл, Жарқайың және Шортанды аудандарында жағдай ушыққан.

Жабай мен Колутон өзендері арнасынан асуы мүмкін. Бұл Атбасар, Сандықтау және Астрахан аудандарына тасқын қаупін төндіреді. Бүгінде су тасқынына қарсы күреске 2 500 адам, 1 техника мен мотопомпа жұмылдырылған, - деді ол.

Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов қазір өңірдегі Сергеев су қоймасы 180% толғанын жеткізді. Есіл өзені арнасына аспаған.

Бірақ судың тасып-төгілу көрсеткіші – 415 см. Мұндай жағдай алғаш рет болып отыр. 2017 жылы көрсеткіш 330 см болған. Бұл 3 ауданға су басу қаупін төндіреді. Олар – Есіл өзенінің бойында орналасқан Шал ақын, Есіл, Қызылжар аудары мен Петропавл қаласы. 845 үй мен 5 мың саяжай су астында қалуы мүмкін. 12 сәуірде облыс орталығына су келе бастайды, ал 23 сәуірде ол шарықтау шегіне жетеді. Су тасқыны жағдайын үнемі бақылауда ұстап отырмыз. 20 наурыздан бастап жедел штаб жұмыс істейді, - деді полковник.

Солтүстік Қазақстан облысындағы даланың 38-50%-ын қар басқан.

262 елді мекенге су басу қаупі төніп тұр. Қазір 40 үйдің 13-ін, 111 үйдің ауласын су басқан. 244 адам эвакуацияланды. Оның 44-і үйіне оралды. Апатқа қарсы күреске 1 мыңнан аса адам, техника, 100-ден аса мотопомпа жұмылдырылды, - деді Мұрат Қанғожинов.

Сонымен қатар Қостанай облысы ТЖД басшысының орынбасары Асылбек Садуов өңірдегі жағдай қауіпті екенін атап өтті.

Алдын ала 6 елді мекенде төтенше жағдай жарияланды. Бұл – облыстың оңтүстігі: Арқалық қаласы мен Амангелді ауданы. Онда жергілікті атқарушы органдар комиссиямен бірігіп, келген шығынды есептеп жатыр. Бүгінде Қостанай қаласында Тобыл өзенінің көтерілуіне байланысты құтқару жұмыстары әлі жүргізілуде. 7 саяжай қоғамындағы адамдарды құтқару жұмысы жүргізілді. Бір тәулікте 2 285 адам (оның 85-і – бала) құтқарылды. Құтқарылған адамдардың жалпы саны 8 800-ден асты. Оның ішінде 1 700-ден аса бала бар. Уақытша пунктерге 464 адам (123 бала) орналастырылды, - деді басшы.

Ол Тобыл өзенінің арнасынан асуы мүмкін деген қауіп барын айтты.

Себебі Қаратомар, Желқуар, Амангелді су қоймасынан су әлі келіп жатыр. Бүгінде бұл қоймалар 99% суға толды. Қазір Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Қостанай қаласында жүр, - деді Асылбек Садуов.