Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Құлсары қаласына да тасқын су кірді (ВИДЕО)

Атырау облысындағы Құлсары қаласына тасқын су кірді. Қазір қаланың көшелері суға тола бастады.

Құлсары қаласына да тасқын су кірді (ВИДЕО)
Фото: instagram.com/kulsary_ze/

Құлсарыда өзен арнасынан асып жатыр. Осыған байланысты тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді. Ал Теңіз кен орнында жұмыс істейтін аудан тұрғындары 5 күнге ақысы сақталатын демалысқа жіберілді. Олар да су тасқынын алдын алу үшін жергілікті құтқарушыларға көмектесіп жатыр. Құтқару жұмыстары облыс әкімінің бақылауында.

Қазір Құлсарыға Жайық өзенінен де қауіп бар. Болжам бойынша, өзенге құйылатын су көлемі көбеюі мүмкін. Сондықтан мамандар арнайы белгіленген 20 учаскедегі дамбалардың биіктігін 6 метрге дейін көтеріп жатыр.

Бүгін түнде Құлсары қаласындағы №2 және №3-ауылға тасқын судың кіру қаупі туындаған.

Жылыой ауданына қарасты Қарағай елді мекеніне су тасқынының кіру қаупі туындауына байланысты төтенше жағдай жарияланып, ауыл халқы  қауіпсіз жерге көшірілді. Қаладағы Достық шағын ауданы мен №5 ауылды жалғап тұрған көпірде су ағысының қатты келуіне байланысты қозғалыс тоқтатылды.

Сақтық шараларын жасау мақсатында полиция бөлімінің қызметкерлері көпір басында халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аудан басшысы да шағын ауданның тұрғындарымен кездесіп, жақын арада оңтайлы шешім қабылданатынын айтты. Оның айтуынша, көктемгі су тасқыны ауданға қиыншылық тудырып отыр. Осыған байланысты аудан бойынша бүгіннен бастап жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.

Қазір Қосшағыл ауылдық округіне қарасты Қарағай елді мекеніне су кірген.