Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Депутат байланыс тарифтерінің қымбаттауын сынға алды

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновке байланыс тарифінің қымбаттауы жайлы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Paryz.kz. 

Депутат байланыс тарифтерінің қымбаттауын сынға алды
Коллаж: egemen.kz

Депутат қазір байланыс құралдарынсыз өмірімізді елестету мүмкін емес екенін жеткізді. Ал мобильді байланыс күнделікті тіршілігімізге дендеп енген.

«Ұялы байланыс қызметі тарифінің күннен күнге қымбаттауы халықтың қалтасын қағып, тынысын тарылтып барады. Тарифтер жыл санап емес, ай санап өсуде. Мәселен, Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, ұялы байланыс қызметтерінің тарифтік жоспарлары 2023 жылы 57%-ке дейін өскен. Ал 2021-2022 жылдары тарифтердің өсуі орташа алғанда 13-тен 37 %-ке дейін болған», - дейді Елнұр Бейсенбаев.

Депутаттың айтуынша, 2023 жылдың сәуірінде Билайн «Яркий» тарифтік жоспарын 1790 теңгеден 2490 теңгеге дейін (өсуі 39%), Кселл мен Теле2 тамыз айынан бастап әртүрлі тарифтік жоспарының өсетінін мәлімдеген.

«Атап айтқанда, «Реальный безлимит» (Кселл) 3390 теңгеден 4390 теңгеге (өсуі 29 %), «Просто супер» (теле2) 2590 теңгеден 3290 теңгеге (өсуі 27 %) өсті. Ең қызығы  «Актив», «Кселл» операторлары тарифке 1 мың теңге, ал арнайы әлеуметтік желілердегі интернетті лимитсіз қолдану үшін тағы 990 теңге үстінен қосып отыр. Сонда бар-жоғы 3390 теңгелік тариф 5380 теңгеге дейін, яғни 59 процентке қымбаттады», - деді ол.

Бейсенбаев атағандай, елімізде ҚР «Байланыс туралы» Заңының 20-бабына сәйкес операторлар байланыс қызметінің тарифтерін негіздей отырып, өздері қояды. Осылайша, олардың тарифті негізделген шығындар бойынша өздері қалыптастыруына жағдай жасалған. 

«Бұл ретте, операторлар тіпті Бәсекелестікті қорғау агенттігін хабардар етуге де міндетті емес. Тарифтің өсетіні туралы бір ай бұрын хабардар етсе болғаны. Агенттік бағаның өсуі күдік туғызғанда ғана оның негізділігін тексеріп, заңсыздық анықталған жағдайда, айыппұл сала алады. Оның мөлшері монополистік қызмет нәтижесінде алынған кірістің небәрі бес пайызын ғана құрайды. Өйткені бәсекелестікті дамыту мақсатында Кәсіпкерлік кодекске сәйкес 2017 жылдан бастап байланыс қызметінің тарифін мемлекеттік реттеу алынып тасталған», - дейді ол.

Оның айтуынша, тарифтердің былайша жөнсіз көтеріле беруіне заңның жұмсақтығы себеп болса, операторлардың нарықта монополиялық жағдайды иемденуіне байланысты.

«Бұдан бөлек, операторлардың клиентке ескертпестен біржақты тарифтік жоспарды өзгерту, интернет-трафикті ұлғайту, бағасын қымбаттату фактілері жиі кездеседі. Тұтынушылардың шағымын негізінде тиісті министрлік Байланыс қызметін көрсету ережесіне тұтынушылар құқығын қорғау бойынша өзгеріс енгізген. Бірақ ұялы байланыс операторлары мұнымен келіспей, соттасып жүрген көрінеді», - деді ол.

Депутат атағандай, байланыстың бағасы қымбат болса да, сапасы сын көтермейді. 

«Байланыс өте әлсіз және интернеттің жылдамдығы тым баяу. Speedtest жаһандық рейтингі бойынша мобильді интернет жылдамдығы бойынша Қазақстан 142 елдің арасында 67 орында тұр. Сонымен қатар, елімізде әлі де интернет жетпеген ауылдар бар. Мәселен, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, 6 290 ауыл болса, соның шамамен 1,5 мың ауылында мобильді интернет мүлдем жоқ. Ал 902 ауылда тек бір ғана мобильді оператор бар. Демек, тұтынушыда ешқандай таңдау жоқ», - деді ол.

Елнұр Бейсенбаев «қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дегендей, операторлар өзі қалаған бағаны қойятынын айтты.

Ол осы айтылғандарды ескере отырып, келесі мәселелерді қолға алуды ұсынды:

  • Үкімет ұялы байланыс нарығын монополиядан арылту шараларын қолға алуы керек. Бұл ретте, мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен тұтынушылар мүддесі барынша ескерілгені жөн.
  • Ұялы байланыс пен интернет сапасын арттыру, бүкіл өңір мен ауылдық елдімекендерді толық интернетпен қамтамасыз ету шараларын қабылдауы тиіс.
  • Осы ретте, мүлдем мобильді интернеті жоқ 1432 ауылға желіні жеткізу бойынша нақты жол картасын даярлауымыз қажет.
  • ҚР Үкіметі ұялы байланыс қызметін көрсету және олардың тарифін белгілеу бойынша тұтынушылардың құқығын барынша қорғау бағытында заңнама талаптарын күшейтетін өзгерістер әзірлеуі қажет.