Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Қаңтарда Айкөркемнің оққа ұшуына қатысты іс: сот үкімді өзгертті

ҚР Әскери сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы ҚР ҚК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы («Қару қолдану арқылы билікті асыра пайдалану») бойынша айыпталған әскери қызметші Арман Жұманға қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіпте қайта қарады, деп хабарлады Paryz.kz.  

Қаңтарда Айкөркемнің оққа ұшуына қатысты іс: сот үкімді өзгертті
фото: azattyq.org

Бұған дейін бірінші сатыдағы сот әскери қызметшінің іс-әрекетінде қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты оны ақтаған.

Қылмыстық іс жабық сот отырысында «құпия» белгісімен қаралған. Апелляциялық сот алқасы жәбірленуші тараптың шағымдары мен прокурордың наразылығы негізінде істі қайта қарады.

Сот алқасында анықталғандай, 2022 жылғы 7 қаңтарда сағат 19:30 шамасында сотталушы блок бекетінде бола тұра, қарамағындағы әскери қызметшілерге блок бекетіне жақындап келе жатқан автокөлікке оқ ату туралы заңсыз бұйрық берген. Салдарынан алған оқ жарақатынан 2017 жылы туған Айкөркем Мелдехан қаза тауып, ал оның 2006 жылы туған әпкесіне 5 оқтан денсаулығына ауыр зиян келтірілген.

Сотталушының кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдемелермен, яғни жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындылары және заттай дәлелдемелерімен дәлелденді.

ҚР Әскери сотының сот алқасы ақтау үкімінің күшін жойып, жаңа айыптау үкімін шығарды. Оған сәйкес ҚР ҚК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша Ж. кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айырылып, 7 жылға сотталды, – делінген сот хабарламасында.

Сонымен қатар, сот алқасы Қорғаныс министрінің атына әскери қызметшілердің жол берген заңбұзушылықтары, сондай-ақ оларды жою және одан әрі болдырмау жөнінде шаралар қабылдау үшін қылмыс жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайлар туралы жеке қаулы шығарды.

Апелляциялық үкім заңды күшіне енді.

Еске сала кетсек, 15 қарашада Алматы гарнизонының әскери соты Қаңтарда оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің өліміне байланысты айыпталушы әскери Арман Жұманды ақтап, үкім шығарған болатын.