Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

«Ұлттық қор – балаларға»: Биыл 18-ге толатындар шотындағы 100 долларды қайда жұмсай алады

19 наурыз – Наурызнаманың Жаңару күні. «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын жаңару символдарының бірі десек, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы елдегі байлықты әділетті үлестірудің бір тетігі ретінде қолға алынған. Бүгінгі материал осы жобаның қай сатыда іске асып жатқанына арналады.

«Ұлттық қор – балаларға»: Биыл 18-ге толатындар шотындағы 100 долларды қайда жұмсай алады
Фото: Kazinform

2019 жылдың 19 наурызы тәуелсіз Қазақстан тарихында Президент ауысқан дата ретінде қалды. Қазір ресми мінберлер мен БАҚ-та жиі аталатын «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан, «Еститін мемлекет» сияқты бастамаларға сол 2019 жылдың 19 наурызында жол ашылған еді.

Тұрмыстың барлық деңгейінде әділет орнатудың маңызды екенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сол кезден бері үнемі айтып келеді. Әділетпен байланысты уәделерді орындаудың тетігі ретінде түрлі бағдарламалар, жобалар қолға алынды. Соның бірі 2022 жылғы Жолдауда айтылған «Ұлттық қор – балаларға» жобасы.

Бұл бастаманың аясында заңнамаға Ұлттық қордан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелерін реттейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Мұнайлы араб елдерінің «қара алтын» экспортынан түскен табыстың бір бөлігін ұрпақ қамына бағыттайтынына қызыға қарап келген қазақстандықтар «Ұлтты қор – балаларға» жобасына үлкен үмітпен қарағаны белгілі.

О баста бала шотына ақша аудару Ұлттық қордағы ақшаны ортайтып кетпеу үшін инвестициялық табыстан ғана аударым жасау қажеттігі ашып айтылды. Сондай-ақ, әлеуметтік сипаты басым жоба халықты масылдыққа итермелейтіндей сипатқа ие болмауына баса көңіл бөлінді. Осы мақсатпен Ұлттық қор ақшасын баспана және білім алу шығындарына ғана жұмсауға болатыны айқындалды.

Осының бәрі заң жүзінде нақтыланғаннан кейін, 2024 жылдың басында жоба іске қосылып, ақпан айында бала шоттарына алғашқы үлестері түсе бастады.

Қаржы министрлігінің соңғы дерегі бойынша, «Ұлттық қор – балаларға» жобасына қатысатын қазақстандықтардың қазіргі саны 6 млн 919 мың 131 адамға жеткен. Бұл 18-ге толмаған және биылғы 1 қаңтардан бастап 18-ге толғандардың саны деген сөз. 2024 жылдың аяғына дейін 18-ге толып үлгеретін 304 815 адам бар. Бұлар жобаға бір жыл ғана қатысқандықтан, шотына тек бір жылдың үлесі ғана түседі. Оның биылғы мөлшері – 100,52 доллар.

Бұл 100,52 доллар деген сома қайдан шықты?

«Ұлттық қор – балаларға» жобасына қатысатын 6,9 млн қазақстандықтың шотына жыл сайын қанша ақша аударылатынын анықтау үшін Ұлттық қордың кейінгі 18 жылдағы орташа инвестициялық кірісі есептеледі. Ол үшін 18 жылдың ішінде түскен инвестициялық табыстың жиынтық сомасы 18-ге бөлінеді. Жоба аясында жасалған заң бойынша, балалар шотына жыл сайын жылдық орташа инвестициялық табыстың 50 пайызы теңдей бөліну керек.

Ұлттық банктің мәліметі бойынша, кейінгі 18 жылдағы инвестициялық кірістіліктің орташа мөлшері 1,39 млрд доллар болған. Жоғарыда айтқанымыздай, заң бойынша осы соманың тең жартысы балалар шотына теңдей бөліну керек, яғни 695 млн 519 мың 269 долларды 6 млн 919 мың 131 адамға бөлу керек: 695 519 269 ÷ 6 919 131 = 100,52.

2024 жылдың 1 қаңтары мен 31 желтоқсаны арасында 18-ге толатын 304 815 қазақстандық жобаға қатысуын биыл аяқтайтынын, яғни, 1 жылдың ғана инвестициялық табысынан үлес ретінде 100,52 доллар ғана алатынын айттық.

Қаржы министрлігі олардың әрқайсысына қазірдің өзінде 100,52 доллардан аударылғанын мәлімдеп отыр, яғни 304 815 шотта жалпы жиыны 30 млн 640 мың 3 доллар, 80 цент жатыр.

12 наурыздағы мәлімет бойынша, 304 мың 815 адамның 775-і өз шотындағы ақшаны жұмсауға өтініш жазып үлгерген. Оның ішінде 487 адам шотындағы 100,52 долларды білім алу шығындарына, 288 адам баспана шығынына жұмсайтынын айтқан.

Бұл жердегі баспана шығындарына мыналар жатады:

- Азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша тұрғын үйді меншігіне сатып алу (түпкілікті есеп айырысу);

- Ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны енгізу (оның ішінде ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде);

- Ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша берешегін ішінара өтеу (оның ішінде ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде);

- Тұрғын үй құрылыс жинағы арқылы ипотека алу (құрылысты қоспағанда);

- Төлемді бөліп төлеу арқылы сатып алу, жекешелендіру, сатып алу-сату құқығымен тұрғын үйді ұзақ мерзімді жалға алу шарттары бойынша ішінара төлеу;

- Жеке тұрғын үй салуға немесе жеке қосалқы шаруашылыққа арналған жер учаскесін азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке сатып алу (түпкілікті есеп айырысу);

- Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын үйді (пәтерді) сатып алу немесе көп пәтерлі тұрғын үйдің үлесін беру туралы акті жасаған кезде (түпкілікті есеп айырысу);

- Одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылыс жинағына салым салу.

Ал білім алу шығындарына мыналар жатады:

- Қазақстан аумағында орналасқан білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе бір рет толық көлемде (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу;

- Шетелдік білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе бір рет толық көлемде (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу:

- Білім беру жинақтау салымын толықтыру;

- Білім беруге қаржы жинақтау шартының сақтандыру жарнасы түрінде енгізу;

- Білім беру кредитін ішінара немесе толық өтеу.