Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Қазақстандықтардың жалақысына 185 мың теңге үстемеақы мен 1 жылдық демалыс беріледі

Мемлекет университеттерге 29,1 триллион теңге шығындамақ, деп хабарлады Paryz.kz inbusiness сайтына сілтеме жасап.

Қазақстандықтардың жалақысына 185 мың теңге үстемеақы мен 1 жылдық демалыс беріледі
Фото: paryz.kz

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2023-2024 оқу жылында республиканың жоғары білім беру ұйымдарында 37 391 оқытушы жұмыс істеп жатыр.

Оның ішінде басым көпшілігі – 40,1%-ы немесе 14 982 адам ғылым жолына жаңа түскендер, яғни "магистр" академиялық дәрежесіне ие. Ал 28,1%-ы немесе 10 504 адам – әр саладағы "ғылым кандидаты" ғылыми дәрежесінің иегері. Тек 27,8%-ы немесе 4 168 адам ғана – доктор (PhD).

Әрине, бір мегаполистің тұрғынындай ғана халқы бар шағын Қазақстан үшін төрт мыңнан астам ғылым докторы аз емес те шығар. Оның үстіне олардың үлкен бір бөлігі атақ алып алған, ғылыммен айналыспайтын шенділер. Сондықтан мемлекет доктор атанғысы келетін қазақстандықтарды әрі қарай ынталандырмақ.  

Осы орайда 2017 жылдан бері Білім және ғылым министрі болған қазіргі депутат Асхат Аймағамбетов бастаған бір топ сенатор мен мәжілісмен "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын әзірледі. Мәжіліс қабылдап үлгерген бұл құжат жаңа оқу жылына дейін күшіне енеді деп жоспарланған.

Заң жобасына депутаттар бастамашы болғандықтан, ол қоғамдық талқылауға шығарылмады, халықтың келісімін алмады. Мұның мәнісін Inbusiness.kz жазған болатын.

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы, депутат Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, құжаттың басты жаңалығы – ғалымдар үшін жаңа үстемақы енгізу. Аймағамбетов бірден айта кетті. Қазіргі уақытта ғылыми-зерттеу институттарында немесе университеттерде істейтін ғалымдар өздерінің доктор PhD, ғылым докторы, ғылым кандидаты сияқты ғылыми дәрежелері үшін онсыз да ай сайын жалақысына қосымша үстемақы алып жатыр. Аймағамбетовтердің заңы үстемеақының үстіне жаңа үстемеақы қосады.

"Енді оларға профессор немесе доцент сияқты ғылыми атақтары үшін жалақысына қосымша ақы беру бекітіліп отыр. Мысалы, доктор PhD, ғылым кандидаты бүгінде ай сайынғы жалақысына аталған ғылыми дәрежесі үшін 62 мың теңгеге жуық үстемақы алса, енді оған қосымша доцент деген ғылыми атағы үшін тағы 30 мың теңгеге жуық үстемақы, яғни жалпы алғанда 92 мың теңгені ай сайынғы жалақысына қосымша үстемақы ретінде алатын болады. Ал енді ол ғылым докторы болса және қазіргі уақытта өз жалақысына 130 мың теңгеге жуық үстемақы алып отырса, бұл заң қабылданғаннан кейін ол қосымша профессор атағы үшін тағы 60 мың теңгеге жуық үстемақы алады. Сонда барлығын қосқанда 190 мыңға жуық ай сайынғы жалақысына үстемақы беруді ұсындық. Бұл ғалымдарымызды қолдаудың өте маңызды тетігі деп санаймыз", – деді депутат.

Бұл – ақырғы сома емес, жыл сайын немесе жылына бірнеше рет артып отырады. Себебі, жиі өзгеріп, өсетін айлық есептік көрсеткішке байланған. Заң жобасына сәйкес, ЖОО-ларда ғылыми-оқытушылық қызметпен айналысатын педагогтар, сондай-ақ түрлі орталықтарда ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын ғылыми қызметкерлер негізгі жалақылары мен үстемеақыларына қосымша ақы алады. Ақы сомасы ғылыми дәрежесі мен атағына байланысты болады.

Мысалы, доцент атағы бар ғылым кандидаттары – ай сайын 25 АЕК (2024 жылы 92 300 теңге), ал профессор атағы бар ғылым докторлары – 50 АЕК (биыл 184 600 теңге) қосымша ақы алып отырады.

2023 жылғы 29 тамыздағы Үкімет хаттамасымен бекітілген "2024–2028 жылдарға арналған Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму болжамына" сәйкес, АЕК 2024 жылы – 3 692 теңге; 2025 жылы – 3 932 теңге, 2026 жылы – 4 129 теңге; 2027 жылы – 4 335 теңге; 2028 жылы – 4 552 теңге болады деп тұспалданған. Егер бұған өзгеріс енгізілмесе, онда доценттердің ай сайын алатын жаңа қосымша ақысы болашақта 113 800 теңгеге, профессорларда – 227 600 теңгеге дейін ұлғаяды.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, ЖОО-лардың профессорлық-оқытушылық құрамының жалақысы былтыр 350 мың теңгеге дейін, ал ұлттық университеттерде – 400 мың теңгеге дейін өсірілді.

Президенттің тапсырмасымен қабылданған "Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына" сәйкес, профессорлық-оқытушылық құрамның жалақысы 2026-2029 жылдары, бірнеше жыл қатарынан тағы көтеріледі. Ол кезде қазіргі шақырылымдағы парламенттің өкілеттігі де аяқталады.

Жасыратыны жоқ, бұрынғы шақырылымдағы сенаторлар мен мәжілісмендердің бір бөлігі университеттерде оқытушыға айналғаны мәлім. Қазіргі депутаттар да дәріс оқып тұрады.

Қалай болғанда, Парламент оларды қолдау түрлерін көбейткелі тұр. Мысалы, бір жылдық, ақысы төленетін шығармашылық ұзақ демалыс ала алатын болады. Мысалы, қолы боста кітап жазуына болады.

"Біз тағы бір қолдау тетігін енгізіп отырмыз. Ол ‒ халықаралық тәжірибеде кеңінен таралған саббатикал институты, яғни шығармашылық демалыс. Ғылыми-зерттеу институтында немесе университетте 5 жылдан астам уақыт жұмыс істеген жетекші, дарынды ғалымдарымызға бір жылға дейінгі шығармашылық демалыс беріледі. Осы бір жыл бойғы демалысы кезінде оларға тиісті орташа жалақы көлеміндегі ақы төленеді. Бұл да біздің ғалымдарымыз үшін үлкен мүмкіндік. Осы бір жылдың ішінде ғалымдарымыз монографияларын шығаруға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын аяқтауға және тиісті мақалаларын шығаруға өте керемет мүмкіндік алады", – деді А.Аймағамбетов.

Ғалымдарды қолдау мұнымен аяқталмайды. Оларға бұдан былай әкімдер де қайтарымсыз грант ұсына алатын болады. Осы мақсатта заң жобасында әкімдіктерге ғылымды қаржыландыру құқығын беру ұсынылды. Депутаттардың ойынша, бұл шешім өңірлерде ғылыми әлеуетті неғұрлым тиімді пайдалануға ықпал етеді, ғылымның дамуындағы өңірлік ерекшеліктер мен қажеттіліктерді барынша ескеруге мүмкіндік береді.

Мәселен, қандай да бір әкім жергілікті бір мәселені шешу үшін жергілікті ғалымды тартып, оның зерттеуін қаржыландыруы керек деп тапса, соған бюджет қаражатын шығындай алады. Заңда болғандықтан, мұны аудиторлардың ел қаржысын ұтымсыз пайдалану, тіпті талан-тараж ету деп тануға қақысы жоқ, Антикор да бұдан жемқорлықтың көрінісін іздей алмайды. Қазіргі кезде әкімдер ғалымдарды мемлекеттік сатып алу тетігі арқылы тартып жүр, оның шектеуі көп.

Депутаттардың заңы отандық және шетелдік инвесторларды ғылым қуғандарды өз қамқорлығына алуға міндеттейді. Осыған байланысты құжат жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың ғылым саласындағы қызметін реттейді.

Қолданыстағы заңнама бойынша қазақ жерінің астындағы қазынаны алып жатқан компаниялар өз табысының 1 пайызын ғылымға бөлуге міндеттелген. Алайда ол қаражат толыққанды ғылымға бағыттала бермейді. Депутаттар инвесторлардың миллиардтарын әрбір тиынына дейін ғалымдарға бергізуге ниетті.

Қазақстандық ғылым қалпымен дерлік бюджетке тәуелді. Оларды өз инновациялары мен технологияларын дамытып, коммерцияландыруға ынталандыру, әрі тәуелсіздігін арттыру мақсатында бюджеттен қаржыландыру көлемі азайтылған кез болды.

Алайда 2021 жылы Білім және ғылым министрлігін Асхат Аймағамбетов басқарып тұрған тұста билік ғылыми институттарды тікелей қаржыландыруға қайта оралды. Бірақ Үкімет жаппай, барлығын бірдей емес, тек Қазақстан тарихы, археология, шығыстану, қазақ филологиясы сияқты өнімі мен ғылыми жаңалықтары негізінен коммерцияланбайтын 17 бағыт бойынша тұрақты, үзілмейтін тікелей қаржыландыруды енгізді. Қалған орталықтар бәсекелестік жағдайында түрлі гранттық қаржы үшін өзара таласуға тиіс болды.

Жаңа заң жобасы олардың бәрін де бюджетке масыл еткелі тұр. Депутаттардың айтуынша, басқа да институттардағы ғалымдар көптен бері осыны сұрап келіпті, күтіп отыр.

Ғылым министрлігінің дерегінше, кейінгі онжылдықта қатары қатты селдіреп, саны 77-ге дейін университеттер шамадан тыс жүктелген. Оларда 2023-2024 оқы жылында жалпы саны 592,7 мың студент білім алуда. Болашақта олардың қатары жыл сайын шамамен 200 мыңға өсіп отырмақ. 2023 жылы мысалы, 171,1 мың студентке ұлғайды.

Оның үстіне министрлік оларда білікті профессорлық-оқытушылық құрамның тапшылығы артқанын ашық айтып отыр. Депутат Бақытжан Базарбек бұл заң қабылдағаннан кейін жекеменшік ЖОО-лардағы ғалымдар үстемақы, қосымша ақы төлейді деп мемлекеттік жоғары оқу орындарына кетіп қалады деген қауіп білдірді.

Министрлік университеттердің өз табысын заманауи инфрақұрылымды қалыптастыруға, жете жабдықталуға жұмсай бермейтінін жасырмады. Содан зертханалық базасы да ескіріп барады. Осының бәрін ел бюджеті көтеретін болады.

Министрліктің мәліметінше, осы үрдіс болашақта да сақталатын болса, жоғары білім беруді жыл сайынғы қаржыландыру болашақта 3,1 триллион теңгеге дейін шығандауы мүмкін. Алдағы 18 жыл ішінде студенттердің бірінші мамандық алуына кететін мемлекеттік бюджеттің шығыстары 29,1 триллион теңгені құрайды. Осы триллиондарды алған университеттер мен ғалымдар қазақ ғылымын жаңа, жаһандық биіктерге көтеріп, ғылымның әр саласындағы ұлы шыңдарды бағындырса, игі.