Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Елімізде 20 мыңға жуық отбасы перзент сүйе алмай жүр

Қазақстанда бедеулік пен белсіздік белең алған. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 20 мыңға жуық отбасы перзент сүйе алмай жүр, деп хабарлады Paryz.kz 24.kz сайтына сілтеме жасап 

Елімізде 20 мыңға жуық отбасы перзент сүйе алмай жүр
фото: qazaq1913.com

Алайда бүгінгі медицина өздігінен босана алмайтындарға көмектесе алады. Қазір бала сүюдің бірнеше мүмкіндігі бар. Солардың бірі – суррогат ана қызметіне жүгіну. Бірақ мұндай шешелер аз. Сол себепті қызмет құны да тым жоғары.

Суррогат ана болатын әйелдер еріккеннен бармайды. Олар ақша тапқысы келеді. Жұбайларға суррогатты ана бағдарламасына мұқтаж болғаннан қызмет етеді. Өз еркімен заң жүзінде, нотариус арқылы келісімшартқа отырады, - дейді репродуктолог дәрігер Салтанат Байқошқарова.

Жарнама сайттары мен арнаулы агенттіктер ұсынған қызмет құнына қарасақ, алғашында медициналық тексеріске 2 млн теңгеге жуық қаржы жаратасыз. Артынша суррогат анаға 3 млн теңге бересіз. Нотариалдық қызмет құны – 60 мың. Оған жүктілік кезіндегі күтімге төлейтін 2-2,5 млн теңге қосылады. Тіпті жүкті әйелдің жерік асы да сіздің мойныңызда. Бұл – нарықта төменгі баға.

Қысқасы, өзгенің жатырында жетілетін ұл-қызыңыз үшін 10 миллиондап ақша санап беруге даяр болуыңыз керек. Ал бұл – өзге елдермен салыстырғанда, айтарлықтай арзан. Мәселен, бұл қызмет түріне Чехияда 80, Бельгияда 65, Дания мен Ресейде 60 мың АҚШ долларын жаратасыз.

Әйелдер 5 миллион теңге шамасында қаражат алады. Ал енді сол бір жыртығын жамайды деп айтайық. Несиесін жабады дегендей. Ал ол 5 миллионға үй ала алмайды. Балаларын емдете ме, оқыта ма? Сондықтан олар – қаражатқа мұқтаж жандар. Өте сирек жағдайда ақысыз суррогаттық ана болады, - дейді репродуктолог дәрігер Салтанат Байқошқарова.

Біздегі заңның ыңғайлығы шетелдіктерді де қызықтырады. Мәселен, алда-жалда суррогат ана айтқанынан айнып, өзінің 9 ай көтерген сәбиін тапсырыс иелеріне беруден бас тартуы мүмкін. Ондайда баланы генетикалық ата-анасына қайтаруға сот араласады. Ол заңмен шегеленген. Тіпті әлгі ана сәби туралы ақпарат таратса, түрмеге қамалады.

Адамның жеке өмірі туралы ақпаратты, басқа да деректерді оның келісімінсіз таратқандар 3 мың АЕК-ке дейін айыппұл төлеуден бастап, 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына тартылады. Бұл ақпараттарды БАҚ арқылы немесе интернет желілерінде тарататын болса, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады, - дейді заңгер Асқар Астаев.

Ал дін қызметкерлері жатырды жалға беру дегенге үзілді-кесілді қарсы. Бұлай жалғаса берсе, құндылықтарымыз тапталып, ұлттық кодымыз жойылады екен.

Неке жоқ болған соң, ол дінімізде зинаның бір түрі болып есептеледі. Дініміздің асыл мұрат-мақсаттарының бірі – текті сақтау. Тектілік дейміз, бұл – қазақтың дәстүріне бітеқайнасқан дүниелер. Ана болашақта өзінің күйеуінен ұл туады, сосын ол суррогаттық ана ретінде босанып берген қызға үйленіп жатса, не болады? Бұл тексіздікке апарады, - дейді ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елібек Тасболатұлы.

Елде 28 клиника жасанды ұрықтандырумен айналысады. Оның 12-сі суррогат аналардың қызметіне жүгінеді. Алайда жыл сайын қанша сәбидің жалдамалы жатырдан өмір есігін ашатыны белгісіз.