Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Биыл «Ұлы дала жорығы» қатысушылары Петропавлдағы Абылай хан резиденциясынан аттанады

Биыл V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында өтетін «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің республикалық іріктеу кезеңінің басталу күні белгілі болды.

Биыл «Ұлы дала жорығы» қатысушылары Петропавлдағы Абылай хан резиденциясынан аттанады
Фото: JORYQ федерациясы

11 наурызда «JORYQ» республикалық ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовпен кездесті.

Атап айтқанда, кездесу барысында Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының қолдауымен өтетін марафон-бәйгенің ұйымдастыру мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ жиын барысында «Ұлы дала жорығы» республикалық іріктеу турының өтетін орны мен басталу күні белгіленді.

Осылайша, марафон-бәйгенің басталу нүктесі ретінде Петропавл қаласындағы Абылай ханның мұражай кешені-резиденциясы анықталды. Жоба 12 мамырда басталып, 17 мамырда Астанада аяқталады. Бурабай курорттық аймағының, Ботай мен Бозоқ көне мекендерінің көрікті жерлерін басып өтетін марафон-бәйгенің жалпы қашықтығы 500 шақырымды құрайды.

Үздік үштікке енген жеңімпаз командалар қыркүйек айына жоспарланған «Ұлы дала жорығы» халықаралық турына лицензияға ие болмақ.

Қазіргі таңда аймақтық іріктеу турлары жүріп жатыр, олардың жеңімпаздары ұлттық іріктеу турына жолдама алады.

Республикалық іріктеу кезеңінде орнатылған ең үздік жетістіктер Қазақстанның рекордтар кітабына (KINES) енгізіледі.

«JORYQ» республикалық ат спорты федерациясы ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Одан бөлек, Қауымдастық құрамында Бәйге, Көкпар, Аударыспақ, Жамбы ату, Теңге ілу, Құсбегілік, Дәстүрлі садақ ату, Асық ату, Тоғызқұмалақ сияқты федерациялар бар.

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.

Бұған дейін «JORYQ» ат спорты федерациясы мен Ұлттық спорт қауымдастығы кең ауқымды «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйге жобасын екі рет жүзеге асырды. 2023 жылы бұл жарысқа қатысушылар Астанадан Түркістанға дейін 1300 шақырымды бағындырды. 2024 жылы мерейтойлық V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында «Ұлы дала жорығы» марафоны өтеді.