Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

"Іргесі бекем ел": елімізде 3 айға созылатын экспедиция жұмысы басталды

Зерттеу тобының негізгі мақсаты – 5 мемлекетпен шектесетін шекара іргесіндегі елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, демографиялық ахуалы мен тұрақты дамуына ықпал ететін өзекті мәселелерді анықтау.

"Іргесі бекем ел": елімізде 3 айға созылатын экспедиция жұмысы басталды
фото: дереккөз

Қазақстанда "Іргесі бекем ел" жобасы аясында арнайы экспедиция жұмысы басталды. Бұл туралы жоба жетекшісі Ғалымжан Өтелбай өзінің Facebook-тегі парақшасында мәлімдеді, деп жазды paryz.kz.

Зерттеу тобының негізгі мақсаты – 5 мемлекетпен шектесетін шекара іргесіндегі елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, демографиялық ахуалы мен тұрақты дамуына ықпал ететін өзекті мәселелерді анықтау. Елді мекен тұрғындарының тыныс-тіршілігі, шаруашылық кәсібі, саяси көзқарасы, менталитеті, тілі, этникалық мәселелері, идеологиялық тұтастығы мен сәйкестігі және тағы басқа тақырыптар негізге алынады екен.

"Жобаға түрлі салада қызмет ететін тәжірибелі әлеуметтанушы, саясаттанушы, қоғамтанушы мамандар мен еріктілер тартылып отыр. Экспедиция жұмысы шамамен 3 айға жоспарланды. Нәтижесінде зерттеу жинағы шығарылып, танымдық фотокөрме ұйымдастырылады. Жоба сәтті шықса, тақырып бойынша анықталған өзекті мәселелер билік назарын аудартып, бұл тиісті мемлекеттік органдарға көмекші құрал болады деп сенеміз", - дейді Ғалымжан Өтелбай.

Сонымен қатар көрші мемлекет тұрғындарының тыныс-тіршілігімен салыстырмалы түрде зерттеу жүргізілмек.

"Жобаның өзектілігі, мақсаты, міндеттері, критерийлері, әдіс-тәсілдері, нысаны және болжамы толыққанды жазылған. Ол туралы және жұмыс барысында анықталған қызықты ақпараттармен алдағы уақытта бөлісіп отыратын боламыз", - деп отыр жоба жетекшісі.

Осы орайда ол көпшілікті алғаш рет қолға алынған тың жобаға қолдау көрсетуге, оның сәтті шығуына тілекші болуға шақырды. Ал жобаға қатысты аталған 5 мемлекетке тоқтала кетсек, еліміз солтүстік пен батыста Ресеймен шектессе, шығыста Қытаймен, оңтүстікте Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан елдерімен түйіседі.