Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Жамбылда жүк көлігінің жүргізушілері жаппай наразылыққа шықты

Жамбылда жүк көлігінің жүргізушілері жаппай наразылыққа шықты. Шетелден тауар тасымалдайтындар екі аптадан бері кедендік бақылау аймағында қаңтарылып тұр. Шекарадан сүрінбей, кеденнен кедергісіз өтіп мемлекеттік кірістерге келгенде қолдан кептеліс жасап жатыр дейді. Кірістердің тексерісі таусылмай, құжат рәсімдеу кезінде созбалаңға салатын көрінеді. Бұл туралы Paryz.kz Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жамбылда жүк көлігінің жүргізушілері жаппай наразылыққа шықты
Фото: astanatv.kz

Жүк көліктерінің мемлекеттік кірістер басқармасының тұрағында тұрғанына алды екі апта, кемі тоғыз күн болған. Шекара мен кеденнен кедергісіз өтіп осы тұраққа келіп тұралап қалған. Ал мұнда әр күніне ақша төлеп, шығынға батқан жүргізушілер мен кәсіпкерлер шыдамның да шегі бар деп шырылдап отыр.

Түсініксіз тексерістен шаршаған жүргізушілер қамауда отырғандай күн кешудеміз дейді.

 «Бізге дүйсенбі деп уәде берген. Дүйсенбі күні істеген жоқ. Бүгін міне саляркамыз түбіне келіп қалды. Күзетшіге барсам шығармаймын дейді. Не себепті бұл жаққа тыққанын білмеймін. Екі апта, 10 күн тұрмыз білмейміз не істеп жатқанын бұлардың», - дейді көлік жүргізушісі Рахымжан Низамов.

 «Қырғызстанның кеденінен өтесің содан Қазақстанға кіресің. Шекаралық бақылау машинаны ақтарады, тексереді. Ренгені бар. Машиналардың 9-10 күн тұрғандары бар. Тауарларды шашып тастайды. 130 мың жүк тасушыларға төлейміз. Тұрақты мың теңге қылып қойды, қоймаға кіретін болсақ 3,5 мың теңге төлейміз», - дейді кәсіпкер Дархан Мырзатаев.

Ал автотұрақ жекенің жері. Мұнда кірген жүк көліктері тексеріс толық аяқталмайынша ешқайда жіберілмейді. Жүргізушілер 10 күннен бері тұрған көліктерінде түнеп жүр.

Қордай аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы автотұрақты тегін алып отыр екен. Алайда ақысын тексеріске кірген жүк көлігінің жүргізушілері төлейтін көрінеді. Ал апталап тұрақта тұруының себебін 30 күн тексеруге құқылымыз деп түсіндірді. Бұл жұмыстың баяу жүріп жатқаны маманның жетіспеушілігі дейді.

 «Қордай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқарма тарапынан болып жатыр тексеріс. Бізде қазір 30 пайыз қызметкерлер жоқ. Бар-жоғы тексеруге жібере алатын 2-3-ақ маманымыз бар. Нұсқама негізінде тексеру 30 күннен аспау керек», - деді Қордай аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Ғабит Саяқов.

Кесірі жүк көлігінің жүргізушілеріне тиіп жатыр. Біріншіден уақыттары кетіп жатыр, екіншіден тұраққа төлейтін құны қосылуда.