Қарағанды облысының полицейлері Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті қызметкерлерімен бірлесіп, Qarmet АҚ-ның жұмыскерлері мен Абай қаласы тұрғындарын бопсалаған қылмыстық топты ұстаудың екінші кезеңін өткізді, деп хабарлады Paryz.kz.
Ішкі істер министрлігі өткен жылдың желтоқсанында Qarmet кеншілерін бопсалаған қылмыстық топты ұстағаны туралы хабарлаған. Сол кезде қылмыстық топтың 7 мүшесі қамауға алынды. Бірнеше қылмыстық істі тергеу барысында ұсталғандарға қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық жасау және қатысу бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Тергеу әрекеттері барысында жалпы құны 55 миллион теңгеден астам өзге де бопсалау деректері анықталды.
Сондай-ақ олардың «Қазақстан Темір Жолы» АҚ-ның объектілерінен тауар-материал ұрлау дерегіне қатысы бары анықталды.
13 ақпанда полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің жедел уәкілдері жоғарыда аталған қылмыстарға қатысы бар тағы да 8 адамды ұстады. Полиция қызметкерлері 25 тінту жұмысын жүргізіп, тіркелмеген атыс және суық қару, оқ-дәрілер және діни кітаптар тәркіледі, — делінген хабарламада.