Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

Семейде мұғалімдерге тестілеуден өтуге көмектескендер жазаланды

Ақпаратты заңсыз иемденген ЖШС-ның 2 қызметкері мұғалімдерге тест тапсыруға көмектескен, деп хабарлады

Семейде мұғалімдерге тестілеуден өтуге көмектескендер жазаланды
Фото: dknews.kz

Өскемен қаласы №2 сотының мәліметінше, 2023 жылы мұғалімдермен алдын ала келісім бойынша тестілеуді ұйымдастырып жүрген ЖШС қызметкерлерінің тестілеу жүйесіне заңсыз қол жеткізгені анықталған. Олар Telegram арқылы Шығыс Қазақстан облысындағы әртүрлі мектептердің мұғалімдеріне тест тапсыру бойынша нұсқаулар жіберіп, жоғары балл жинауға көмектескен.

Азаматтар Ж. және Н.-ның қылмыстық әрекеттері салдарынан Тестілеу орталығы дайындаған сұрақтар мен дұрыс жауаптарды мұғалімдерге бергендері үшін Ұлттық тестілеу орталығына 691 мың 771 теңге шығын келтірілген, – делінген сот хабарламасында.

Ұлттық бірыңғай тестілеуді және Ұлттық біліктілік тестілеуді іске асыруға арналған «компьютерлік тестілеу» жүйесі Үкімет қаулысымен бекітілген ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің тізбесіне енгізілген.

Сотталушылар кінәлі деп танылып, оларға 3 жыл мерзімге ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінде заңмен қорғалатын ақпараттық жүйелермен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарда қызмет атқару құқығынан айыра отырып, әрқайсысына 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.