Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Ішкі істер министрі Бишімбаевтың ісіне қатысты тың дерек айтты

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Мәжілістің жалпы отырысының кулуарында Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты тың дерек айтты, деп хабарлайды paryz.kz. 

Ішкі істер министрі Бишімбаевтың ісіне қатысты тың дерек айтты
Фото: Информбюро

«Іс аяқталды. Қазір іспен танысу жүріп жатыр. Жәбірленуші мен айыпталушы тарап бойынша танысу жүргізіліп жатыр. Тергеу толық аяқталды. Сотқа танысудан кейін жіберіледі. Біз алдымен прокуратураға, кейін олар арқылы сот алады», - деді Сәденов.

«Қуандық Бишімбаевқа қамауда ешқандай жеңілдік жасалмаған ба?» деген журналист сұрағына Ішкі істер министрі оның өзгелермен бірдей жағдайда отырғанын мәлімдеді. 

«Бәріне бірдей жағдай қарастырылған. Камерада жалғыз емес, адамдар бар. Күдіктінің тәртібіне қатысты шығам түскен жоқ. Ол сот ісіне дайындалып жатыр», - деді министр. 

Ержан Сәденов сот отырысының ашық немесе жабық форматында өтетінін сот шешетінін айтты.

Еске салайық, 9 қарашада экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелін  өлтірді деп күдікке ілінгені жөнінде ақпарат тарады. 12 қарашада экс-министр Қуандық Бишімбаевтың әйелінің өліміне қатысты тағы үш қылмыстық іс тіркелгені белгілі болды. Оның бірі ҚР Қылмыстық кодексінің 432-бабы (Қылмысты жасыру) бойынша ашылды. Оның аясында гастро-орталық директоры күдікті деп танылып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. 30 қарашада Мәжіліс алаңында ҚР Бас прокурорының орынбасары Жандос Өміралиев Қуандық Бишімбаев аса қатыгездікпен кісі өлтірді деген күдікке ілінгенін хабарлады.

4 желтоқсанда ҚР парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Дания Еспаева Орталық Азия әйелдерінің диалогы конференциясы аясында Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты материал БҰҰ сайтында жарияланғанын айтты.