Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

«Бетімен кеткендер көбейсе де, Үкімет үнсіз»: депутат дәрігерлерді қорғау үшін арнайы статус беруді ұсынды

«Адам өмірін сақтау үшін арпалысатын ақ халатты жандарды арнайы қызмет көрсетуші өкіл ретінде заңмен қорғауымыз керек. Бұл – уақыт күттірмейтін шешім!» Бүгін Мәжіліс отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев Қарағандыда болған жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жығу оқиғасын айтып, ақ халаттыларды қорғау мәселесін көтерді. 

«Бетімен кеткендер көбейсе де, Үкімет үнсіз»: депутат дәрігерлерді қорғау үшін арнайы статус беруді ұсынды
Фото: parlam.kz

«Өкінішке қарай, соңғы кезде заңды белден басып, ойына келгенін істейтін бетімен кеткендер көбейді. Күні кеше Қарағандыда болған оқиға – соның айқын дәлелі. Айдың-күннің аманында өз қызметін адал атқарып жүрген жедел жәрдем жүргізушісін қан жоса етіп соққыға жығу – барып тұрған бассыздық. Құқық бұзушы Нұрболат Дәкебаевтың бұл әрекеті – жәй ғана қылмыс емес, бүкіл қоғамға, заң мен тәртіпке ашық қарсылық, не істей аласың деген дөңайбат. Өзін бейнетаспаға түсіріп жатқанын біліп тұрса да, еш айылын жимастан жұдырық сілтеп, қызметтегі адамды қанға бөктіруі – әбден шектен шыққандық, нағыз қаныпезерлік. 1 жасар сәбиге көмекке келген медицина қызметкерлерін ашықтан-ашық, куәгерлердің көзінше ұрып-соғу не деген сұмдық? Арнайы қызмет өкіліне істеп отырғаны мынау болса, мұндайлар қарапайым адамдарды қырып тастаудан тайынбас», - деді Елнұр Бейсенбаев.

Депутат осындай оқиғалар соңғы кезде жиі тіркеліп жүргенін айтып, алаңдаушылық танытты. Осы күнге дейін депутаттық корпус бірнеше рет медицина жүйесінің қызметкерлерін қорғау үшін арнайы статус бекітуді ұсынған. Алайда Үкімет әлі күнге дейін шешім қабылдаған жоқ.

«Бұл бір ғана оқиға емес. Алматыда автобус жүргізушісін соққыға жығудың қандай қайғылы жағдайға соқтырғанына бәріміз куә болдық. Бұл жария болғандары ғана. Жабулы қазан жабулы күйінде қалғандары қаншама. Сондықтан мұндай жағдайға мүлдем жол беруге болмайды. Өткенде Бишімбаев, бүгін Дәкебаев, ертең кім болады сонда?! Бұл жағдай нені көрсетіп отыр? Ең алдымен, тиісті органдардың өз жұмысына салғырт қарап, құқықбұзушылықтардың алдын алу шараларын дұрыс ұйымдастырмағанын көрсетеді», - деді Елнұр мырза.

Сонымен қатар бұл оқиға көпшілік қарапайым ғана құқықтық қағидаларды білмейтінін байқатады. Олар өз құқығын былай қойғанда, заң алдындағы міндеттері мен жауапкершілігінен де хабарсыз. Мәжіліс депутаты заң мен тәртіп бәріне бірдей қағидатын ұстану әрбіріміздің міндетіміз дейді.

«Үшіншіден, ұлттық құндылықтардан ада, әдеп пен ар-ұятты артта қалушылық деп санайтын, адамшылыққа жат ойлармен санасы уланған азаматтар қалыптасып келеді. Бұл ешқандай жақсылыққа апармайды. Салдарын көріп отырмыз. Біз заң мен тәртіп үстемдік ететін, әрбір азаматтың құқығы қорғалған, өз өмірі мен денсаулығына қауіптенбейтін әділетті Қазақстанды қалаймыз және оны құрамыз. Президентіміз айтқандай, бізде заң мен тәртіп бұзушылыққа төзбейтін жағдай қалыптасуы керек», - дейді депутат.

Елнұр Бейсенбаев уәкілетті органдарға келесі шараларды қолға алуды ұсынды:

Құқық қорғау органдары қылмыс жасаған Дәкебаевты тез арада табуы тиіс.
Нұрболат Дәкебаевтың сотын ашық жүргізіп, қатаң жаза тағайындау және оның барысы мен қорытындысы туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықты түгел хабардар ету.
Соңғы уақыттары адамның жеке басына қауіп төндіретін, тіпті оның өмірін қиятын қылмыстар қоғамдық сипат алуда. Сондықтан, тез арада кез келген қылмыстарға қоғамды мүлдем төзбеушілік мәдениетін жаппай қалыптастыруымыз қажет.
Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда ер адамның жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққаны хабарланған болатын. Әлеуметтік желіде оқиғаның видеосы пайда болды. Кейінірек шабуылдың егжей-тегжейлерін Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният хабарлады. Зардап шеккен ер адамға мидың шайқалуы және мұрын сүйегінің сынуы диагнозы қойылды. Министр мәлім еткендей, жедел жәрдем бригадасы түнгі 23-30-да дене қызуы көтерілген және қызылшаға күдігі бар балаға шақыртуға келді. Баланы стационарға тасымалдау үшін үйдің ауласына жедел жәрдем көлігі тұраққа қойылған, онда санитариялық автокөліктің жүргізушісіне өтіп бара жатқан таныс емес адамдар шабуыл жасаған.

Бұл оқиғадан кейін жедел жәрдем қызметкерлері өз құқықтарын қорғауды талап етіп, alash.online сайтында петиция жарияланды.

Ал Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін ұрған Нұрболат Дәкебаевқа ресми түрде іздеу жарияланды. Қарағанды облысында 28 қаңтарда іздеу ісі тіркелген. Іздестіру шараларына Ішкі істер министрлігі бастама білдірген. Іздестіру жұмыстарын Жаңа-Майқұдық полиция бөлімі жүргізіп жатыр.

Қарағанды Жаңа-Майқұдық полиция бөлімінің қызметкерлері 1987 жылы туған Нұрболат Дәкебаевтың жүрген жері туралы мәлімет білетіндерді 102 немесе 8 (7212) 40 79 19 телефондарына хабарласуын сұрайды.