Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Қазақстан халқына төленетін жәрдемақы бір жылда 70% өсті

2023 жылы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан шамамен 1,3 млн қазақстандық 750,7 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлем алды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 70%-ға көп. 

Қазақстан халқына төленетін жәрдемақы бір жылда 70% өсті
Коллаж: Kazinform/Midjourney

Еңбекке қабілетінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем бюджет қаражаты есебінен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша тағайындалады.

МӘСҚ-тен төлем медициналық-әлеуметтік сараптамада белгіленген 30%-дан 100%-ға дейінгі дәрежеде және еңбек қызметін жалғастыруына қарамастан жалпы еңбекке қабілеттілігін жоғалту кезеңінде жүзеге асырылады.

2023 жылы аталған төлемді 38,7 млрд теңге сомасына 100 мыңнан астам адам алды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 27%-ға көп.

Белгіленген төлемнің ай сайынғы орташа мөлшері — 47 445 теңге.

Асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының асырауында болған адамдарға бюджет қаражаты есебінен төленетін асыраушысынан айырылуы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақысына қосымша тағайындалады.

МӘСҚ-тен төлем асырауындағы адамдар 18 жасқа толғанға дейін, ал күндізгі оқу нысанында оқыған жағдайда 23 жасқа дейін төленеді.

Өткен жылы аталған төлем асыраушысынан айырылған 64,3 мың отбасыға 26,8 млрд теңге сомасында берілді, бұл 2022 жылғы сомамен салыстырғанда 26%-ға артық.

Белгіленген төлемнің ай сайынғы орташа мөлшері — 51 574 теңге.

Жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға оның жұмыстан шығарылу себебіне қарамастан тағайындалады. Негізгі шарт — жұмыссыз ретінде тіркелу.

Төлем жүйеге қатысу өтіліне байланысты 1 айдан 6 айға дейін жүзеге асады.

Төлем мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтарда 40%-дан 45%-ға дейін ұлғайтылған жұмыссыз ретінде тіркелу алдындағы соңғы 2 жыл ішінде МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысқа, жүйеге қатысу өтіліне және табысты алмастыру коэффициентіне байланысты болады.

2023 жылы бұл төлем 49,9 млрд теңге сомасында төленіп, оны 224,1 мың адам алды, бұл 2022 жылғы алушылар санынан 2 есе артық.

Өсім Отбасының цифрлық картасын енгізумен байланысты, оның шеңберінде жұмысынан айырылу бойынша төлем проактивті түрде тағайындалады, сондай-ақ азаматтардан электронды үкімет пен электрондық еңбек биржасы порталдары, сондай-ақ кейбір екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы төлем жасауға өтініштер берудің электрондық нысанын талап етумен байланысты. Белгіленген төлемнің ай сайынғы орташа мөлшері шамамен 60 мың теңгені құрады.

Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем жүктілік және босану бойынша демалыстың барлық күндеріне тағайындалады.

Төлем мөлшері жүктілікке және босануға байланысты демалыс күніне дейінгі соңғы 12 айда МӘСҚ-ке әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысқа және еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты.

2023 жылы бұл біржолғы төлемді жалпы сомасы 348,2 млрд теңгеге 287,5 мың адам алды, бұл 2022 жылғы сомамен салыстырғанда шамамен 2 есе көп.

Тағайындалған төлемнің орташа мөлшері — 1 244 813 теңге.

Бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша ай сайынғы әлеуметтік төлем баланың туған күнінен бастап әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға тағайындалады.

Төлем мөлшері соңғы 2 жылда МӘСҚ-ке әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды.

Екі және одан да көп бала туған кезде төлем әрбір балаға жеке тағайындалады.

2023 жылы бұл төлем 312,7 мың адамға тағайындалды, оның ай сайынғы орташа мөлшері 68 957 теңгені құрады.

Төлем 287 млрд теңге сомасына жүргізілді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 67%-ға көп.

Көрсетілген төлемнің өсуі 2023 жылғы қаңтардан бастап төлем кезеңінің бір жылдан бір жарым жылға дейін ұлғаюымен байланысты.

Осылайша, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғау жұмыс істемейтіндерге қарағанда әлдеқайда жоғары.