Жуырда ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки Қазақстандағы орыс тілі туралы жазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Ол Қазақстанда орыс тілінің ықпалы мен аясы тарылып жатқанын айтып, дабыл қақты.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров танымал ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки Қазақстанға кіре алмайтынын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
СІМ өкілі Қазақстанға қарсы пікір айтқандарға мемлекет керек кезде шара қабылдайтынын атап өтті.
Мемлекет ондайды ешқашан кешірмейді. Ол (Тина Канделаки – авт.) Қазақстанға келе қоймас, ал келсе кіре алмайды, - деді Айбек Смадияров.
Тина Канделаки жазбасында «Уральск» атауының — «Орал», «Узень» атауының «Жаңаөзен» деп өзгеруі күмән тудыратын шешім екенін айтқан.
Ресейлік журналистің даулы жазбасына қатысты бірінші болып қазақстандық тележүргізуші Динара Сатжан жауап берді.
«Қымбатты, Тина! Біріншіден, біз тәуелсіз егемен мемлекетпіз. Орыстардың жақсы мақалы бар ғой: «Өзге елде өз ережеңді жүргізе алмайсың»! Қай теміржол станциямызды қалай атайтынымызды өзіміз шешейік.
Екіншіден, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Кеңес өкіметі жылдарында жоғалған ана тілін біртіндеп қайтарып келеді.
Үшіншіден, орыс тілі біздің елімізде ұлтаралық қарым – қатынастың ресми тілі, ал қазақ тілі мемлекеттік тіл болып табылады.
Бұл біздің Конституцияның 7-бабында бекітілген. Теміржол вокзалдары, өздеріңіз жазғандай, өзгертілген жоқ, бірақ бұл олардың қазақ тіліндегі дұрыс аумақтық атаулары. Орыстың ығысуының бұған қандай қатысы бар? Ал, бізде тек мемлекеттік тіл ғана емес, орыс, ағылшын тілдерінде де сөйлейміз. Біздің күшіміз осыда!», - деп жазды.