Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

Костенко шахтасындағы 46 адамның өлімі: тоғыз лауазымды тұлға қамауға алынды

Бас прокуратураның Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметі өткен жылғы жұмысының қорытындыларын жариялады, деп хабарлайды Paryz.kz.  

Костенко шахтасындағы 46 адамның өлімі: тоғыз лауазымды тұлға қамауға алынды
Фото: tengrinews.kz

Ведомство мәліметіне, 2007 жылдан бастап прокуратура органдарында жұмыс істеп келе жатқан арнайы прокурорлар институтына резонанстық және аса күрделі істерді тергеу тапсырылып келеді.

Атап айтқанда, олардың тәжірибесі Ақтөбе, Атырау және Жамбыл қалаларындағы террористік актілерді, Алматыда террорист Қулекбаевтың бейбіт азаматтарды жаппай өлтіруін, Арқанкергендегі шекарашыларды өлтіруді, Қордайдағы тәртіпсіздікті, Дужновтың екі полицейді, сот орындаушысы мен өндіріп алушыларды атуын, картоп тұқымын сатып алуға субсидия беру кезінде Қазақстанның жеті өңіріндегі жүйелі сыбайлас жемқорлықты және т. б. істерді тергеуде пайдаланылды.

Өткен 2023 жылы арнайы прокурорлар бірқатар резонанстық істерді тергеуді аяқтады, олар бойынша:

  • экс- қорғаныс министрі, Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарының полиция және ҰҚК департаменттерінің бастықтары - қаңтар оқиғалары кезеңінде билікті асыра пайдаланғаны үшін;
  • «Екібастұз ЖЭО» басшылығы-жылу желілерінде апатқа әкеп соққан немқұрайлылық үшін;
  • «Сатурн 2012» ЖШС директоры қару-жарақ дүкенінде 4 адамның өмірін қиған жарылысқа жол бергені үшін сотталды.

Сонымен қатар:

  • Жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар - ҰҚТ жетекшісі Жұмагелдиев, ҰҚК 5–ші департаментінің бұрынғы бастығы Ысқақов, Алматы мәслихатының бұрынғы депутаты Құдайбергенов, бандитизм мен жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны үшін;
  • Махатов (Қорғас қылмыстық ісі бойынша «агент Саныч» деген атпен белгілі);
  • Алматы қаласында метро құрылысына арналған жабдықтарды сатып алу кезінде 5 млрд теңге жымқырған «Метрополитен» басшылығы;
  • сөндіру барысында орман шаруашылығының 14 қызметкері қаза тапқан Абай облысындағы орман өрті үшін «Семей Орманы» резерватының басшылары бойынша істер сотқа жолданды.

Сондай-ақ Абай облысындағы өрттер бойынша Экология министрлігінің және бірыңғай энергия жүйесіндегі іркіліске алып келген «KEGOC» пен 3-ЖЭС-тегі апат фактісі бойынша «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүргізілуде.

Қарағанды қаласындағы ерекше балаларға арналған арнайы мекемеде 14 мүгедек баланың улану және Алматыдағы жатақханада 13 адамның өмірін қиған өрт жағдайлары тергелуде.

«46 кенші қаза тапқан Костенко атындағы шахтадағы жарылыстарды тергеу аяқталуда. Шахтаның 9 лауазымды адамы күдікті ретінде танылып, қамауға алынды», - делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Мемлекет активтерін 100 млрд теңгеге жымқыру фактілеріне баға беріліп жатыр.

2023 жылдың қаңтарынан бастап азаптауды тергеу арнайы прокурорлардың айрықша тергеуіне жатқызылды.

«2023 жылы психикалық және физикалық азап келтіргені үшін күштік ведомстволардың 69 қызметкері қылмыстық қудалау орбитасында болды, жыл соңына дейін 21 лауазымды адам сотталды. Азаптаудың алдын алу аясында кешенді жұмыстар жүргізілңп жатыр», - делінген хабарламада.

Мемлекет басшысының құқық қорғау органдарының мекемелерін жаппай бейнебақылаумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасының орындалуы тексерілді.

Прокуратура органдарының ұсынысы бойынша ғимараттардағы 4 мыңнан астам «соқыр аймақ» жойылды.

Азаптаулардың алдын алу бойынша тиісінше жұмыс істемегені үшін 118 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 19 құқық қорғау органдарының басшылары бар.