Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

Жұмыс берушілер өз есебінен қызметкерлері үшін зейнетақы жарнасын аудара бастады

Қазақстанда жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары енгізілді, деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Жұмыс берушілер өз есебінен қызметкерлері үшін зейнетақы жарнасын аудара бастады
Фото: paryz.kz

Биыл жұмыс берушілер өз ақшасы есебінен жұмысшыларға 1,5% зейнетақы жарнасын аударады. 2028 жылы оның мөлшері 5 процентке дейін көтеріледі.

"2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) өз қаражаты есебінен 2024 жыл мен 2028 жыл аралығында 1,5%-тен 5%-ке дейін кезең-кезеңімен жұмыскерлерінің пайдасына аудару басталды. Осылайша, зейнеткерлікке шыққан кезде бұл жұмыскерлер қосымша жинақтаушы зейнетақы төлемімен қамтамасыз етіледі", - делінген хабарламада.

 

Министрлік бұл шара қазақстандықтардың жас ұрпағын қолдауға бағытталғанын, олардың зейнетақысы зейнетақы аударымдарына тікелей байланысты болатынын атап өтті.

Жас ұрпақтың зейнетақысы үш компоненттен: мемлекеттен базалық зейнетақы, жинақтаушы зейнетақы – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударымдар есебінен және шартты-жинақтаушы зейнетақы – жұмыс берушілердің жарналары есебінен құралады.

ЖМЗЖ енгізу, әсіресе, ынтымақты өтілі жоқ (1998 жылға дейін) немесе ынтымақты жүйедегі өтілі аз азаматтар үшін өзекті. Осылайша, әлемдік тәжірибені ескере отырып, азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру мемлекеттің, жұмыс берушінің және қызметкердің ортақ жауапкершілігі болады, дейді ведомстводағылар.

Салық кодексіне сәйкес жұмыс берушінің ЖМЗЖ төлеу бойынша шығыстары салық салынатын табыстан шегерімге жатқызылады. Тиісінше жұмыс берушінің шығыстары елеусіз деңгейде қалады, деп атап өтті еңбек министрлігі.