Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

«Сені ерлік жасады деп отырған ешкім жоқ»: Қостанайлық жігіттің ерлігі ескерусіз қалды (ВИДЕО)

Биыл 9 желтоқсанда Қостанай қаласындағы Абай көшесінде 4 бөлмелі жер үй өртеніп, оны алдымен сондағы «Сарыарқа» автокөлік құрастыру зауытында жұмыс істейтін Ерасыл Дулат жанынан таксимен өтіп бара жатып байқап қалған. Сол сәтте ол бірден үйге жүгіріп кіріп, іштегі жартылай күйік шалған әйел адамды сыртқа алып шыққан, деп хабарлады Paryz.kz. 

«Сені ерлік жасады деп отырған ешкім жоқ»: Қостанайлық жігіттің ерлігі ескерусіз қалды (ВИДЕО)
фото: әлеуметтік желіден

Кейін оқиға орнына қалалық №6 өрт сөндіру бөлімінің 3 техникасы мен 9 қызметкері де жеткен. Ерасыл Дулаттың айтуынша, ол үстінде халаты ғана бар әжейді үйдің кіреберісіне алып шыға бергенде алдынан ішке кіріп келе жатқан бір өрт сөндіруші жолыққан.

Сыртқа шығып үлгердім. Сол кезде іштегі газ жарылып, өрт сөндірушінің «Қолым! Қолым!» деп айқайлап жатқанын естідім, - дейді Ерасылдың өзі.

Өкінішке қарай, жергілікті «Наша газета» басылымы «үйге бірінші болып бөлімше командирі Ержан Тұралин кіріп кетті» деп және бірнеше өрт сөндірушінің марапатталғанын жазған. Ал оған дейін қарт ананы сыртқа алып шыққан Ерасыл Дулат туралы бір ауыз сөз жоқ. Сондай-ақ оған «біз келгенде сенің іштен шығып келе жатқаныңа куәміз, сұрап жатса, айтып береміз» деген өрт сөндірушілер де өздері марапатталар кезде ол туралы жақ ашпағанға ұқсайды.

Бұл ретте газдың Ерасыл Дулат үй ішінен шығып үлгергеннен кейін жарылғанын өрттен көз жұмған қарияның көршілері де, өзінің қасындағы такси жүргізушісі де көрген.

Сол күні Ерасыл жолдасының үйінде болды. Маған такси шақырып берші деді. Біраздан соң арнайы қосымша картасынан қарасам, такси аялдап тұр екен. Жүргізушісіне хабарласқанымда, «Мына жерде өрт болып жатыр, біраздан соң өзі звондайды» деді. Сол кезде арғы жағынан тарс етіп газдың атылғанын естідім. Сосын Ерасылдың өзіне хабарласқанымда, «Мында үй өртеніп жатыр. Сыртқа бір әжені алып шықтым. Сосын өзім звондаймын» деп телефонын баса салды. Кейін үйге үсті-басы шылқыған су болып келді. Өрт сөндірушілер келгенде судың астында қалып қойыпты, - дейді келіншегі Лунара.

Анықтама үшін: Ерасыл Дулат – Қостанай облысының Арқалық ауданына қарасты Екідің ауылының әкімі Дулат Бейсеновтің кенже ұлы, астаналық журналист Еркеғали Бейсеновтің немере інісі.

Болған жайтты естіген Еркеғали Бейсенов өзінің Қостанай облысы әкімдігінің баспасөз жетекшісі Жұматай Кәкімжановқа хабарласқанын айтады. Оған өрт сөндірушілер жеткенше қарт ананы үйден өз немере інісі Ерасыл Дулаттың алып шыққанын, бірақ оның сол ерлігі елеп-ескерусіз қалғанын, әкімдік тарапынан сәл қолдау көрсетіп, мерейін көтеріп тастаса жөн болатынын түсіндірген. Бірақ Ерасылға әкімдіктен ешкім хабарласпаған. Ал әріптесіміз Еркеғали Бейсенов кейін жергілікті БАҚ-тан Қостанай қалалық ауруханасына облыс әкімі Құмар Ақсақалов барып, қолы сынған Ержан Тұралиннің көңілін сұрап, мадақтап, мемлекеттік наградаға ұсынатынын жеткізгенін оқығанда, қайран қалған. Содан кейін ол Ерасылға енді ондай қатерге бас тікпеуі керектігін, бәрібір елеусіз қалғанын ескерткен.

Сол марапатына оның өзі де мұқтаж болып отырған жоқ. «Ең бастысы, өзімнің адамдық міндетімді атқардым ғой, елемесе елемей-ақ қойсын» дейді. Ал газ жарылғанда, іште қалып қойса, не болар еді? Жергілікті БАҚ-қа облыс әкімдігі «өрт сөндірушілер әйел мен немересінің мәйітін тапты» деген ақпарат беріп жібере ме? Бұлары жарамады, - дейді Еркеғали Бейсенов.