Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Петропавлда жаңа үйлер жылусыз қалды (ВИДЕО)

Күн жылынса болды қар еріп, жоғарғы қабат су болады екен. Осының кесірінен үйлерін жөндеп жатқандардың, жұмысы тұралап қалған.

Петропавлда жаңа үйлер жылусыз қалды (ВИДЕО)

Петропавлда мемлекеттік бағдарламамен салынған су жаңа баспанада жылдар бойы пәтер кезегін күткендер дірдектеп отыр. Тіпті төбе дым тартқан, деп хабарлады paryz.kz, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Мемлекеттік бағдарламамен үй алған тұрғындардың бірі - Жақыповтар отбасы. Олар 2012 жылдан бері пәтер кезегінде тұрып, бір ай бұрын армандаған баспанаға ие болған. Алайда жас отбасының қуанышы ұзаққа созылмаған. Отанасының айтуынша, жылу батареялары - қанжылым. Азынаған үйдің ішінде отырып, шиеттей екі баласын ауыртып аламын ба деп қорқады.

"Біз 8 жыл пәтер кезегінде тұрдық, 5 жыл бойы қаражат жинап келдік. Батареялар үйді жылытпайды. Сосын қосымша электр пештерін сатып алдық. Есесіне электр энергиясын көп тұтынамыз. Бұдан бөлек, осы күнге дейін ыстық су болмады. Мәселені әлеуметтік желіде жариялаған соң, билік өкілдері келіп, оны қосып берді", - дейді қала тұрғыны Әсел Жақыпова.

Ал бесінші қабатта тұратын тұрғындар шатырдың сапасына шағымданып отыр. Күн жылынса болды, қар еріп, жоғарғы қабат су болады екен. Осының кесірінен үйлерін жөндеп жатқандардың жұмысы тұралап қалған.

"Біз үйде жөндеу жұмыстарын бастадық. Қабырғаларға түсқағаз жапсырып, дәретхана бөлмесіне кафель салғымыз келді. Бірақ төбеден су аға бастады. Салдарынан төбедегі сылақ түсіп жатыр. Енді жұмысымыз тоқтап тұр. Шатырға шығып, өзім жөндейтін шығармын", - дейді Алексей Хохлан.

Жергілікті билік өкілдері баспананың кемшіліктерінен хабардар екенін жеткізді. Шенеуніктер тұрғын үйде анықталған олқылықтардың тізімін жасап, оларды жөндеуге уәде беріп отыр.

"Үйдің жертөлесінде жарылған құбырлар ауыстырылды. Ал шатырға қар желдеткіш арқылы кірген. Оны жабуға болмайды. Қазір біз бетон плиталарының арасын көбікпен бітейміз. Пәтерлердегі барлық олқылықтарды мердігер өз қаражатына жасайды. Тұрғындар бұған ақша шығармайды", - дейді Петропавл қаласы әкімдігі сәулет және құрылыс бөлімінің бас маманы Ермек Рақымжанов.

Ал бұған қатысты пікір білдірген мердігер компанияның басшысы Ляззат Құспан өз міндеттерінен қашпайтынын айтты.

"Үй тапсырылған кезде міндетті түрде кемшіліктер болады. Екі жыл кепілдік сол үшін беріледі. Үйге тапсырыс берген қалалық әкімдіктен бізге бірде-бір жолдама келіп түскен жоқ. Тұрғындардың барлық өтініштерін өзіміз орындап жатырмыз. Өз міндетімізден бас тартып отырған жоқпыз", - дейді ол.

Жауапты тарап бір-екі аптаның ішінде барлық олқылықты жоятындарын атап өтті.