Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

ҰҚК шекара қызметінің бұрынғы басшысы 4 жылға сотталды

Алматы гарнизонының әскери соты ҰҚК төрағасының экс-орынбасары – Шекара қызметінің бұрынғы директоры Дархан Ділмановқа шекара бекеттерінде анықталған өкілетін асыра пайдалану деректері бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды Paryz.kz. 

ҰҚК шекара қызметінің бұрынғы басшысы 4 жылға сотталды
Коллаж: Azattyq Ruhy

Белгілі болғандай, Ділмановқа және басқа да лауазымды тұлғаларға қызмет бабын асыра пайдаланып, ауыр зардаптарға әкеп соқтыру және аса ірі мөлшерде пара алу – ҚР ҚК-ның 28-бабы 3,5-бөлігі, 450-бабы 2-бөлігі, 366-бабы 3-бөлігі 1, 2, 4-тармақтары бойынша айып тағылды.

«Д.Е. жүктерді өткізу пункті арқылы Қытайдан Қазақстанға ауыстырып тиеудің әзірленген қылмыстық схемасы және оны енгізуге жәрдемдесу қажеттілігі туралы мәліметтерді Д.Д.-ға жеткізді, бұл ретте белгіленген схема сәтті жұмыс істеген жағдайда ол бұдан белгілі бір табыс алатынын нақтылады. Бақылау пункті арқылы тауарды одан шықпай және жалпы кезекті айналып өтудің заңсыз схемасы енгізілуіне байланысты 1750 реттік рейс жасалды, нәтижесінде ірі шығын келтірілді», - деді сот.

Айыпталушылардың кінәсі куәлардың айғақтары, әскери жарғылардың қорытындылары, сараптамалар, құжаттық тексеру актілерімен дәлелденді, бұл туралы сотта түсіндірілді.

«Сот жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, Д.Д.-ға Қылмыстық кодекстің 450-бабы 2-бөлігі бойынша мүлкі тәркіленіп, 4 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ Қазақстан Президентіне Дархан Ділмановты «генерал-лейтенант» әскери атағынан, ІІ дәрежелі «Айбын» ордені және «ҚР ҰҚК арадегері» құрметті атағынан айыру туралы ұсыныс енгізіледі.

Сондай-ақ Қ. ҚР ҚК-нің 28-бабы 5-бөлігі, 450-бабы, 366-бабы 3-бөлігі, 1, 2, 4-тармақтарымен көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Ал Е., ҚР ҚК-нің 55-бабын пайдалана отырып, ҚК-нің 366-бабы 3-бөлігінің 1, 2, 4-тармақшаларында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған параның 30 еселенген сомасы – 1 267 000 теңгеге – 38 010 000 теңге айыппұл салынды.

Қалған сотталушылар Қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігі, 450-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танылды. Қылмыстық кодекстің 55-бабын қолдана отырып, оларға мүлкі тәркіленбей, 3 жыл 6 айдан 5 жыл 6 айға дейін бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Сотталғандардың барлығы мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, 2022 жылдың 5 сәуірінде мемлекет басшысының өкімімен Дархан Ділманов Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры лауазымынан босатылды.