Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

«Болашақ» стипендиясы иегерлері төртінші легінің тізімі жарияланды

Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешімімен 167 қазақстандық «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанды, деп хабарлады Paryz.kz. 

«Болашақ» стипендиясы иегерлері төртінші легінің тізімі жарияланды
Фото ©️ Tengrinews.kz / Турар Казангапов

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, оның ішінде 131 адам магистратурада, 4 адам докторантурада оқиды, 32 қазақстандық әлемнің жетекші жоғары оқу орындары мен өндірістік орталықтарына тағылымдамадан өтуге жіберіледі. Бұл ретте стипендиаттардың басым көпшілігі инженерлік-техникалық бейін бағыттары бойынша даярлықтан өтеді. Оқыту 66 мамандық бойынша жүргізіледі.

Биыл мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлау бойынша инженерлік-техникалық мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөлінді. Инженерлер мен медицина қызметкерлеріне, магистратураға үміткерлерге квоталар енгізілді. Олар оқуды бастамас бұрын 12 айға дейін тілдік дайындықтан өте алады. Ол үшін стипендияға өтініш берген кезде университеттен шақыру қажет емес.

«Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында мемлекет басшысы ғылыми ынтымақтастықты кеңейту және агроөнеркәсіптік кешен, геологиялық барлау, IT-сектор, креативті индустрия және т.б. үшін кадрлар даярлау жөнінде тапсырмалар берді. Бұл бағыттар – сұранысқа ие және өзекті. Біз үміткерлер санын көбейту, шәкіртақы алу және осы бағыттар бойынша мамандарды дайындайтын ЖОО іздеу жұмыстарын жүргіздік, – деді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әлия Оспанова.

Үміткерлер University of Aberdeen, University of Illinois at Urbana-Champaign, Australian National University, University of Oxford сияқты әлемдік рейтингтер қатарына кіретін жоғары оқу орындарына түсті. «Ақпараттық технологиялар және жүйелер», «Үлкен деректерді талдау», «Құрылыс инженериясы» және «Геология. Тау-кен ісі. Геодезия» сияқты мамандықтар үміткерлердің үлкен қызығушылығын тудырады.

Сондай-ақ шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешімімен 481 қазақстандық әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өту үшін грант иегері атанды. Стипендиаттар 9 бағыт бойынша зерттеулер жүргізеді: инженерлік ғылымдар, жаратылыстану ғылымдары, гуманитарлық сала, агроөнеркәсіптік кешен, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, әлеуметтік ғылымдар, білім, медицина, өнер.

Стипендия иегерлерінің тізімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.