Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Солтүстікке көшіп барғандардың несиесін 1 жылға шегеру керек – сенатор

Сенат депутаты Айгүл Қапбарова солтүстікке көшіп барғандардың несиесін 1 жылға шегеріп, шекара маңындағы кәсіпкерлерге салықтық жеңілдік жасауды ұсынды, деп хабарлады paryz.kz. 

Солтүстікке көшіп барғандардың несиесін 1 жылға шегеру керек – сенатор
Фото: tengrinews.kz

Депутаттық сауал премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолданды. Оның айтуынша, былтыр 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасы бекітілген. Алайда осы уақытқа дейін Қазақстанда халықтың ішкі көші-қон қатынасы әртүрлі бағдарламаның бір бөлігі ретінде қаралып отыр. 

Ішкі көші-қонды дамыту және ел аумағы бойынша халықтың біркелкі қоныстануы мәселелеріне бағытталған жеке бағдарлама жоқ. Қазір Қазақстандағы урбанизация деңгейі – 62%. Бұл көрсеткішке 2025 жылға қарай жету көзделген. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қала халқының үлесі – 62%, ауыл халқының үлесі – 38%. Соңғы 5 жылда қала халқы 17% өсіп, ауыл халқы 2,3% азайды. Қала халқы көп жағдайда табиғи процеспен емес, депресивті ауылдардың есебінен өсіп жатыр, - деді Айгүл Қапбарова Сенаттың жалпы отырысында.

Бүгінде барлық қала мен қалаға жақын орналасқан аудандарда тіркелген және нақты тұратын адамдардың санын білу мүмкін емес.

«Мәселен тұрғындар қалада тіркелгенімен, іс жүзінде қала маңында тұрады. Көптеген әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселені қаржыландыру ең алдымен халықтың нақты есебінен қалыптасатыны белгілі. Мектептер, емханалар немесе орталықтандырылған жылумен, сумен жабдықтауға қосылуға қаражат сұрату үшін экономикалық негіздеме және халықтың нақты саны қажет. Осыған байланысты Ұлттық статистика бюросы нақты тұрғылықты жері бойынша халықтың ағымдағы санын есепке алу әдістемесіне көшуді қарқынды жүргізуі керек. Әсіресе, бұл қалалардағы халықтың нақты санын айқындауға мүмкіндік береді», - деді сенатор.

Ішкі көші-қондағы тағы бір өзекті мәселе – жұмыс күші тапшы солтүстік және шығыс өңірлерге қоныс аудару процесі.

2023 жылдың екінші жарты жылдығынан бастап экономикалық ұтқырлық сертификатын ұсынудың жаңа тетігі іске қосылды. Ол қоныс аударушыларға тұрғын үй құнының 50% мөлшерінде (4 млн теңге) қаржылай көмек көрсетуді көздейді. Экономикалық ұтқырлық сертификатын қандастар мен қоныс аударушылар тұрғын үй сатып алуға немесе тұрғызуға бастапқы жарна ретінде пайдаланады. Алайда тұрғын үй алуға қаржылық көмек беретін осы сертификат қаражаттың жеткіліксіздігіне байланысты бірқатар өңірде көшіп келушілерге түгел берілмей отыр, - деді депутат.

Айгүл Қапбарова тиімді көші-қон саясатын қалыптастыру үшін мына мәселелерді шешуді ұсынды:

  • Елдің солтүстік өңірлеріне қоныс аударушылар үшін яғни шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін мемлекет меншігіндегі пайдаланылмайтын жер учаскелерін беру мақсатында Жер кодексіне түзетулер енгізу туралы мәселені қарастыру:
  • Елдің солтүстік өңірлеріне қоныс аударушылардың несиесіне 12 ай аралығына дейін кредиттік каникул беру;
  • Ел ішінде жұмыс күші тапшылығы бар өңірлерге азаматтарды қоныс аударуды ынталандыру мақсатында тиісті бейімдеу және интеграциялау орталықтарын құру.
  • Экономикалық ұтқырлық сертификатының мөлшерін қала мен елдімекендегі тұрғын үйлердің нарықтағы баға айырмашылығын ескере отырып белгілеу. Мысалы, Петропавл қаласында 2 бөлмелі пәтердің нарықтағы орташа бағасы – 12 млн теңгеден жоғары.
  • Сондай-ақ сертификаттарды беру мерзімін қоныс аударушылар квотасына енгізілген сәттен бастап 12 айға дейін ұлғайту мүмкіндігін қарастыру.
  • Шекара маңы, халық саны аз аумақтарда жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін салықтық жеңілдіктер мен преференцияларды қолдану мүмкіндігін қарастыру. Шекара маңы өңірлерінде еңбек өтілін есептеу коэффициентін жоғарылатуды енгізу мәселесін зерделеу. Бұл еңбекке қабілетті азаматтардың қосымша ағынын тартады.
  • Солтүстік өңірлерде жылыту маусымы 9 айға созылатындықтан қоныс аударушыларға отын мен көмірді сатып алуға жылына бір рет  республикалық бюджеттен 35 АЕК (120 750 теңге, 1 АЕК – 3450 теңге) деңгейінде біржолғы төлемді қарастыру.
  • Өңірлерде жалға берілетін және коммуналдық тұрғын үй қорының үйлерін келешегі жоқ деп танылған ауылдардың тұрғындарына, сондай-ақ баспана кезегінде тұрған азаматтарға беру туралы қағидаларға өзгерістер енгізу.