Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Бес мыңнан астам сарбазға несиені төлеуге жеңілдік жасалды

Қазақстан Қарулы күштерінің қатарында әскери борышын өтеп жүрген 5 мыңнан астам сарбаздың несие бойынша төлемі кейінге қалдырылды, деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

Бес мыңнан астам сарбазға несиені төлеуге жеңілдік жасалды
Фото: gov.kz/

Қорғаныс министрлігі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумның нәтижесінде борышын өтеп жүрген әскери қызметшілерге банктік қарыздар мен шағын несиелік төлемдерін кейінге қалдыру тәжірибесі реттелген.

Қазір 5 мыңнан астам сарбаздың 1 млрд 875 млн теңге несиесі кейінге қалдырылды. Банктер мен микронесие ұйымдарында 1,6 млрд теңге сомасына 5 мыңға жуық әскери қызметшінің өтініштері қаралып жатыр. Одан бөлек, қорғаныс ведомствосының бұл бастамасы заң жүзінде бекітуді және мүдделі ұйымдардың бірлескен техникалық шешімін талап етеді.

Қорғаныс министрлігінің сарбаздары үшін әлеуметтік қолдау шараларын заң тұрғысында реттеу мақсатында «Әскери қызмет және әскери қызметшінің мәртебесі туралы» ҚР Заңына 50-1-бапты енгізуге бастамашы болды. Заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр.

Бұдан басқа, Қорғаныс министрлігі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне «Банктер және банк қызметі туралы» ҚР Заңының 34-бабына және «Микроқаржылық қызмет туралы» ҚР Заңы 7-бабының 2-тармағына толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстарын білдірді. Негізгі қарыз бен сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыру тәртібін белгілейтін нормаларға қорғаныс ведомствосы сарбаздардан басқа, қарыз алушылар қатарына әскери жиындарға шақырылған азаматтарды да қосуды ұсынып отыр, – деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

Министрліктің мәліметіне қарағанда, несиені кейінге қалдыру әскери жиындағы бүкіл кезеңге беріледі деп күтілуде. Бұл ретте мәлімет алмасу мүдделі органдардың ақпараттық жүйелерінің өзара іс-қимылы арқылы іске асырылуға тиіс.

Процестерді автоматтандыру үшін Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен және «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ-мен бірлесіп, проактивті форматта өзара іс-қимыл алгоритмін әзірледі.

Несиелік демалыстарды автоматты (проактивті) түрде беру жөніндегі пилоттық жоба 2024 жылы іске қосылатын болады. Жыл соңына дейін запасқа шығарылған адамдардың несиелік демалысын тоқтату алгоритмі сияқты, мұнда да әскерге шақыру күнінің орнына әскери қызметтен босату күні беріледі.