Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

Жамбыл облысындағы төтенше жағдай бойынша соңғы мәліметтер

Бүгін Жамбыл облысында өңірлік деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. Өңірде жолдар жабылып, пойыздар тоқтап қалды, деп хабарлайды paryz.kz kazinformға сілтеме жасап.

Жамбыл облысындағы төтенше жағдай бойынша соңғы мәліметтер
Фото: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

12 желтоқсанда күн райының күрт нашарлауына (температураның төмендеуі, қарлы боран) байланысты республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобанының «Тараз-Алматы» бағыты бойынша және облыстық маңызы бар бірқатар жолда көлік қозғалысы тоқтатылған.

акимат Жабылской области

Фото: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

13 желтоқсан сағат 22:10 шамасында Жамбыл облысы Жамбыл ауданының Қызылқайнар, Гродеково, Полатқосшы ауылдық округтеріне баратын магистралды 325-тік құбыр жарылып, газ желісі істен шыққан болатын. Газ шаруашылығы қызметкерлері үздіксіз жұмыс жасап, дәнекерлеу жұмыстарын аяқтады.

Жамбыл облысы

Фото: Жамбыл ауданының баспасөз қызметі

13 желтоқсаннан бастап Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасымен жедел штаб құрылып, мәселені бақылауда ұстап отыр. Құтқару жұмыстарына 117 арнайы техника, 103 адам (ТЖД, әскери қызметшілер) жұмылдырылған. Жамбыл облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, күшті жел мен қар аралас жаңбыр салдарынан Шу ауданында электр желісі үзіліп, тіреуіштер құлаған. Облыстың 4 ауданындағы 32 елді мекенде 8 882 абонент жылусыз қалды.

оперштаб

Фото: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

14 желтоқсанда Жамбыл облысындағы тасжолдар бойында 500-ден астам жүк көлігі қалып қойды. Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жамбылдық полицейлер автожолдардағы жағдай дұрысталып, қауіп сейілгенше азаматтарға жан-жақты көмек көрсетуге кірісті. Тәртіп сақшылары жаураған жолаушыларға ыстық шай мен нан таратып, жағдайды түсіндірді. Алыс жолға шыққан көліктердің майы қатып, техникалары істен шығып, жолда бұзылып қалып жатыр. Осыған байланысты полиция қызметкерлері жүргізушілермен бірге болып, жағдайды бақылауда ұстайды.

жолда қалды

Фото: видеодан алынды

14 желтоқсанда Жамбыл облысында жолда қалған адамдарға қырғыз құтқарушылары көмекке келді. Қырғыз ТЖМ мәліметінше, жолаушылар мінген 100-150 көлік Алға мен Қордай ауылдарының арасында қалып, Қырғызстанға өте алмаған. Оларды құтқаруға Қазақстан тарапынан 99 құтқарушы мен 37 ауыр техника жұмылдырылды. Қырғызстанның төтенше жағдайлар министрлігі 39 құтқарушы, 5 ауыр техника, бір жүк көлігі және 2 қарда жүретін көлік жіберді.

Жамбыл облысы

Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

14 желтоқсан күні сағат 23.00-дегі жағдай бойынша құтқару бөлімшелері 1279 адамды құтқарып, эвакуациялады. Олар Қордай ауданындағы 6 жылыту пунктіне орналастырылды. Әлі де қар құрсауында қалып отырған көліктердің саны нақтыланып жатыр.

15 желтоқсанда облыста өңірлік ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. 

Ауа райы

Фото: Жамбыл облысы ТЖД

15 желтоқсанда Шу-Отар аумағында 11 жолаушылар және 12 жүк пойызы тоқтап қалды

Өңір теміржолшылары тәулік бойы қармен күресіп жатыр. ҚТЖ баспасөз қызметінің мәліметі бойынша 13-15 желтоқсан аралығында 11 мың текше метрден астам қар күрелді. Жолдарды тазарту үшін арнайы техника жұмылдырылған.

железная дорога

Фото: ҚТЖ