Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

Қазақстан мен Қытай арасында тағы бір теміржол салынады

Аягөзден шыққан жол Бақтыға, одан әрі Қытай асып, Шәуешекке барады. Бұл – екі ел арасын жалғайтын үшінші трансшекаралық теміржол желісі, деп хабарлайды Paryz.kz агенттігі «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Қазақстан мен Қытай арасында тағы бір теміржол салынады
Фото: primeminister.kz

Қазір Аягөз-Шәуешек теміржолы құрылысының техникалық экономикалық негіздемесі дайын. Құрылыс осы айда басталады. Халықаралық инвестициялық жоба жүзеге асса біздің елдің көлік-транзиттік әлеуеті арта түседі.

Аягөз – Шәуешек бағытында шойын жол түседі. Бұл мәселе бірнеше жыл бойы талқыланды. Шешімін тапты. «Неге Аягөз-Шәуешек?» деген сұрақ заңды. Біріншіден – дәл осы бағыт ежелден сауда керуенінің күрежолы. Екіншіден – Шәуешек қаласы мен Аягөз станциясының арасының қашықтығы небәрі 272 шақырым ғана. Жоба жүзеге асса Еуропа, Кавказ, Түркия бағытында жүк ағынын ұлғайтуға мүмкіндік арта түседі.

Бұл екі мемлекет үшін де тиімді. Бастама әбден зерделеніп, қос тарап келісімге келді. Теміржол кейбір елдерге екі ай жүретін жүкті екі аптада жеткізуге мүмкіндік береді. Қытайдағы төтенше және өкілетті елші осы бағыттағы жұмыстарды пысықтап, қытайлық сарапшыларды ақпараттандырды. Жоба инвесторлар есебінен жүзеге асады.

«Бұл мәселе бұған дейін жоспар ғана еді. Қазан айында меморандумға қол қойылды. Енді Қазақстан өз учаскесіендегі құрылысты жақын күндері бастайды. Тартылатын инвестиция көлемі белгілі. Инвестор дайын. Оған 1 миллиард 200 миллион доллар инвестиция тартылады деген болжам бар», - деді ҚР Қытайдағы төтенше және өкілетті елшісі Шахрат Нұрышев.

Жалпы Қазақстанда 1300 шақырымға жуық жаңа теміржол салынады. Сонымен қатар 11 мың шақырым магистралдық желі жаңғыртылады. Мұндай қадам еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамытуға бағытталып отыр. Қазіргі уақытта тиімді транзиттік трансконтинентальдық дәліздер желісі қалыптасқан. Қазақстан аумағынан 13 халықаралық көлік магистралі өтеді. Оның ішінде 5-і теміржол және 8-і автомобиль жолдары.

Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалының көлемі қарқынды өсіп келеді. Кейінгі 10 айда тек шекаралық теміржол өткізу бекеттері арқылы тасымалданған жүктің көлемі 23,5 миллион тоннаға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22%-ға артық. Аягөз-Шәуешек бағыты іске қосылса көрсеткіш еселенеді. Енді тек теміржолдың шекарадағы қиылысу нүктесін анықтап, белгілеу ғана қалды.