Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

Қазақстанда қанша алтын бар және ол не үшін керек?

Алтынның қандай металл екенін бәріміз жақсы білеміз. Қандай металл? Қымбат металл. Әр отбасы ақша жинап, сақтайтыны секілді, жер жүзіндегі мемлекеттер де өзінің артық қаржысын буып-түйіп сақтап отырады. Осы кезде алтын маңызды рөл атқарады. Себебі, алтын – тұрақты және ірі валюталармен бірге «қаржылық резерв» ұғымын береді.

Қазақстанда қанша алтын бар және ол не үшін керек?
Фото: ostrovrusa.ru

Қазақстан алтынды не үшін сақтайды?

Алтын – бағалы металдардың ішіндегі негізгісі. Әлемдік нарықтарда оның бағасы өте тұрақты. Әлемде талай дағдарыс болғанын білеміз. Сол түрлі кризис кезінде алтын өз бағасын жоғалтқан емес. Өмірлік тәжірибе көрсеткендей, керісінше, осындай дағдарыс сәтінде алтынға деген сұраныс арта түседі екен. Мысалы, осыдан 10 жыл бұрын алтынның бір унциясы 1411,23 долларға бағаланса, биылғы орташа бағасы – 1937,19 доллар. Сол себепті, алтын орталық банктер үшін тұрақтандырушы рөл ойнайды.

Қазақстанда қазір 310 тонна мемлекеттік алтын бар. Осы қормен біз әлемдегі алғашқы 20 мемлекеттің тізіміне кіреміз. Бірінші орын, әлбетте, АҚШ-қа тиесілі. Сонымен бірге Германияның, Италия мен Францияның орталық банктері ең көп алтын ұстап отырған мемлекеттер тізімінде. 

Ал, Қазақстанда мемлекеттік алтын қорына Ұлттық Банк жауапты. Бізде қазір сақтаулы тұрған алтын қоры 19,76 миллиард долларға бағаланады. Ол алтын-валюта резервінің ішіне кіреді. Иә, бұл алтындар бізде физикалық пішінде, яғни металл түрінде арнайы қоймаларда сақтаулы тұр.

Қазақстан бұл алтындарды сырттан сатып ала бермейді. 1994 жылдан бері жұмыс істейтін ереже бойынша, Ұлттық Банк талап еткен жағдайда, елімізде алтын өндіретін компаниялар өз алтынын алдымен Ұлттық Банкке сатуға тиіс. Сол себепті, қоймада жатқан алтынның барлығы дерлік өз жерімізде өндірілген бағалы металл.

Алтында да минус бар

Иә. Оны да біле жүрген дұрыс. Алтын өсімге қызмет етпейді. Ол тек сақтаушы рөлін атқарады. Яғни, алтын сақтау – өз ақшаңды еш көбейтпей, тек сол күйі ұстап отыру дегенді білдіреді. Қазақстан ұзақ уақыт бойы осы жолмен жүріп келді. Бірақ соңғы 2 жылда өз стратегиясын өзгерте бастады. Яғни, Ұлттық Банк резервіндегі және Ұлттық Қордағы алтынның үлесін азайтып, өсімді көбірек беретін құнды қағаздар үлесін арттыруды көздейді.

Осы ұстанымға сай, Ұлттық Банк 2022 жылы сыртқы нарыққа 120 тонна алтын сатып, одан 7 миллиард доллар алды. Осының арқасында алтынның резевтердегі үлесі 58 пайызға дейін төмендеген еді. Биыл Ұлттық Банк жылдың бірінші жартысында тағы 67 тонна алтын сатты да, осы үлесті 50 пайызға дейін түсіруді жоспарлап отыр. Сондықтан сыртқы нарықтарда алтын сатуын жалғастыра береді.

Дереккөз: Azattyq Ruhy