Прямая трансляция

Астана

Астана

-14.03°C

Елімізде электр энергиясына тарифтерді өсіру жоспарланып отыр

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда электр энергиясы тарифтері көтерілуі мүмкін. 24 энергия өндіруші ұйым шекті тарифті түзетуге өтінім берді, деп хабарлайды Paryz.kz Энергетика министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елімізде электр энергиясына тарифтерді өсіру жоспарланып отыр
Фото: pexels.com

Энергия өндіруші ұйымдардың мәліметі бойынша, түзету компанияға тәуелді емес шығындардың өсуіне байланысты. Атап айтқанда, өтінімдерде тасымалдауды ескере отырып, отынға (көмірге, газға) арналған шығындардың өсуі байқалады. Электр энергиясын өндіруге жұмсалатын шығындардың жалпы көлемінде отынға жұмсалатын шығындар шамамен 60 пайызға жеткен.

"Шекті тарифтердің жобалары сонымен қатар елдегі инфляция деңгейіне сәйкес келетін өндірістік персоналдың жалақысының өсуін ескереді. ЭӨҰ (энергия өндіруші ұйым) персоналының саны шамамен - 50 мың адам. Бұл ретте білікті персоналдың тапшылығы 30 пайыз, бұл сектордағы кадрлық тапшылық пен төмен жалақының салдары болып саналады" , - делінген ведомство хабарламасында.

Бұдан бөлек тарифтің ұлғаюы жөндеу науқанын жүргізу және энергия өндіруші объектілердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін қажет материалдар мен жабдықтарды сатып алу және тасымалдау құнының өсуіне байланысты.

"Берілген өтінімдерге сәйкес, Қазақстан бойынша ЭӨҰ шекті тарифтерінің орташа өсуі кВтсағ үшін орташа есеппен 2 теңге", - деді министрлік өкілдері.

Ведомстводағылар қазіргі уақытта аталған өтінімдер қаралып жатқанын мәлім етті.