Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Президент QAZAQ TILI қорына алғашқы болып 7 млн теңге жарна аударды

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін қолдау мақсатымен құрылған QAZAQ TILI Endowment Qory-на алғашқы болып жарна аударды, деп хабарлайды Paryz.kz. 

Президент QAZAQ TILI қорына алғашқы болып 7 млн теңге жарна аударды
Коллаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Бұл сүйінші жаңалықты «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжеханұлы жеткізді.

Оның хабарлауынша, Мемлекет басшысы өз қаражатынан қосқан жеке жарна көлемі – 7 млн теңге.

«12 қазан күні Президенттің қабылдауында мемлекеттік тілді дамытуға арналған эндаумент қорын құруды ұсындым. Мемлекет басшысы ұсынысты қолдаған еді. QAZAQ TILI Endowment қорын құру, тіркеу, рәсімдеу шаралары жақында аяқталып, бүгін Қасым-Жомарт Кемелұлы сол қорға бірінші болып 7 миллион теңге көлемінде жеке жарна аударды», - деп жазды Рауан Кенжеханұлы әлеуметтік желідегі парақшасында.

Қор басшысы атап өткендей, «QAZAQ TILI Endowment Qory халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық ұйымының бастамасымен құрылған. Негізгі міндеті – мемлекеттік тілді қолдау және дамытумен айналысатын еліміздегі ең ірі ұйым – «Қазақ тілі» қоғамының тұрақты әрі ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету.

«Биыл 12 қазанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі» қоғамының басшысымен кездесуінде мемлекеттік тілді дамыту мақсатымен арнайы эндаумент қорын құру бастамасына қолдау білдірген болатын», - деді ол.

Эндаумент қорының ерекшелігі – қорға жиналған қаржы жұмсалмайды. Қаражат толықтай басқаруға беріледі және инвестицияланады. Эндаумент қорының инвестициялық қызметінен түскен табысы бенефициар ұйымның жарғылық міндеттерін орындауға жұмсалады. Әлем елдерінде білім беру мен әлеуметтік бағытта жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдардың тұрақты әрі ұзақмерзімді қызметін қамтамасыз ету үшін эндаумент қорын құру тәжірибесі кең таралған.

«Қазіргі таңда Жапониядағы ғылым мен технология қоры, сонымен қатар, Стэнфорд, Гарвард университеттерінің қорлары дүние жүзіндегі ең ірі эндаумент қорларының қатарына кіреді. Елімізде ірі университеттер, мектептер мен коммерциялық емес ұйымдардың эндаумент қорлары сәтті жұмыс істеп жатыр.

QAZAQ TILI Endowment Qory-на жиналған қаражатты беделді қоғам қайраткерлері, ғалым-лингвистер мен мемлекет өкілдерінен құралған тәуелсіз қамқоршылар кеңесі бақылап, қадағалайтын болады», - деді Р. Кенжеханұлы.

Эндаумент қорынан түскен табыс халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысын қамтамасыз ету және мемлекеттік тілді дамыту, модернизациялау мен оны қолдану аясын кеңейтуге бағытталған жобаларға грант негізінде беріліп отырады.

«Президент «Қазақ тілі» қоғамына мемлекеттік тілдегі медиа және баспа контентін көбейту үшін нақты жобалар мен шаралар кешенін жүзеге асыру, тілді оқыту мен үйрету әдістемесін жетілдіру, оқу сауаттылығы мен жазу мәдениетін дамыту, сонымен қатар, қазақ тілін қолдау мен тілді қолданатын қауымдастық аясын кеңейту үшін заманауи технологиялық шешімдерді кеңінен пайдалануды тапсырды», - деді ол.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мемлекеттік тілдің жанашырлары атынан ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа бастамаға білдірген қолдауы мен өзгелерге көрсеткен үлгісі үшін алғыс айтады.