Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

«Құлыбаевтың атжалмандары ұрлаған 300 млн доллар...»: Ермұрат Бапи жаңадан құрылған комитеттің жұмысын сынады

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи жаңадан құрылған Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің жұмысын сынады, деп хабарлады Paryz.kz Halyq Uni-не сілтеме жасап. 

«Құлыбаевтың атжалмандары ұрлаған 300 млн доллар...»: Ермұрат Бапи жаңадан құрылған комитеттің жұмысын сынады
фото: parlam.kz

Ермұрат Бапи депутаттық сауалын Бас прокурор Берік Асылов пен Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіковке жолдады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару президенттік парызын орындаумен тікелей байланыстыры айтқан. Міне, осы аса ауқымды міндетті орындау үшін президент жарлығымен уәкілетті орган – Активтерді қайтару жөніндегі комитет құрылды. Кеше, 5 желтоқсанда комитеттің жұмыс істегеніне екі ай болды. Сол екі ай ішінде бұл комитеттің іс-әрекеті жөнінде тырс еткен хабар жоқ. Қазақстан қоғамы бұл органның қызметінен мақұрым, - деді Ермұрат Бапи.

Депутат аталған комитеттің төрағасына өзекті сұрақтарды қойды.

«Президент берген тапсырмаларды орындау үшін комитет қандай күштік құрылыммен жұмыс істеп жатыр? Бүгінде комитеттің құрамында неше қызметкер бар? Мемлекет басшысы алғашында комитеттің штаттық санын 130 адам деп белгілеген еді.

Комитеттің шетелдік юрисдикциялармен, халықаралық іздестіру бюроларымен жұмыс істейтін бөлімінде қанша қызметкер еңбек етеді? Осы өткен екі айдың ішінде елге қайтарылған активтер бар ма? Болса, оның көлемі қандай? Ашық дереккөзге сүйенсек, сіздер «Қазақстан халқына» қорына бұған дейін түскен 850 млрд теңгеге малданып отырған сияқтысыздар. Сіздер қоғам алдында Комитеттің құпия емес алғашқы іс-шараларын жария етіп, көпшілік алдында бір пресс-конференция беретін уақыт болған жоқ па?», - деді депутат.

Ермұрат Бапи жаңадан құрылған комитеттің жұмысына халық үміт артып отырғанын жеткізді. Себебі, елге қайтарылған активтер қарапайым қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға көмектеседі.

Ұрланған активтер елге қайтады деген халықтың әзірге үзілмеген үміті мен сенімін күл-парша қылуға сіздердің қақыларыңыз жоқ. Біз де оған жол бермейміз! Президенттің пәрменін, қызмет-қарымы мен ел алдындағы қоғамдық беделін бағамдайтын бүгінгі бір өлшем – ұрланған активтерді елге қайтару екенін сіздерге ескертіп қойғым келеді, - деді ол.

Депутат Бас прокуратура мен оған қарасты комитетті әрекет етуге шақырып, «Ескі Қазақстанның клептократтары ел экономикасын қайтадан басып алуға қам жасап жатыр» деп ескертті.

Осыған байланысты менің қолыма жеткен инсайдерлік ақпаратты депутаттар алдында жария етіп, «Ескі Қазақстанға» қызмет қылмақ ойы бар мүдделі лауазымды азаматтарға ескерту жасағым келеді, - деді Ермұрат Бапи.

Ермұрат Бапи Бас прокурорға шетелде жасырылған 300 млн доллар туралы айтып берді.

«Берік Ноғайұлы, Тимур Құлыбаевтың атжалмандары ұрлаған акивтер жөніндегі ақпаратты сіздің өзіңізге қосымша жолдап жіберемін. «СК Петролиум» серіктестігінен келіп түскен «Қазақстан-Қытай мұнай құбыры» концорциуымынан (директоры Талғат Жұмаділдаев пен оның ұлы Абылай Жұмаділдаевқұа қатысты) ұрланып, шетелге тығылған 300 млн доллар активті іздеп қиналмайтын боласыздар», - деп түйіндеді сөзін депутат.