Елімізде 1 желтоқсаннан бастап не өзгереді? BAQ.KZ тілшісі шолу жасап көрді.
Ақылы жол
Көлік министрінің бұйрығына сәйкес, 1 желтоқсаннан бастап Орал-Саратов тас жолының бір бөлігі де енді ақылы болады. Бұл ретте жеңіл автокөліктер II және III техникалық санаттағы жолдарды пайдаланғаны үшін төлемақы төлеуден босатылған. Осылайша тек автобустар мен жүк көліктерінің жүргізушілері жаңа ақылы учаскені пайдаланғаны үшін жол жүру ақысын төлеуге міндетті болады.
Ресеймен шекараға дейінгі бағытта салынған тас жолды пайдалану құны көлік түріне байланысты 0,142 АЕК пен 0,710 АЕК аралығында, я болмаса 2023 жылғы көрсеткіштер бойынша 489,9 теңге мен 2 449,5 теңге аралығында құбылады.
Бір айлық қоғамдық көлікте жүруге арналған куәлік бағасы 1-ден 5 АЕК-ке дейін (3 450-ден 17 250 теңгеге дейін), ал бір жылдық қоғамдық көлікте жүруге арналған куәлік бағасы 12-ден 60 АЕК-ке дейін (41 400-ден 207 000 теңгеге дейін) болады.
11 күн демалыс
Қазақстан желтоқсанда дәстүрлі түрде Тәуелсіздік күнін атап өтеді.
Биыл Тәуелсіздік күні, яғни 16 желтоқсан сенбіге сәйкес келеді, сондықтан қазақстандықтар дүйсенбі күні де демалады.
Тәуелсіздік күні:
аптасына бес күн жұмыс істейтіндер: 16, 17, 18 желтоқсан күндері;
аптасына алты күн жұмыс істейтіндер: 16 және 17 желтоқсан күндері демалады.
Желтоқсанда барлығы 11 демалыс және 20 жұмыс күні бар.
Жазғы дөңгелекпен жүрген жүргізушілер айыппұл төлейді
2023 жылғы 1 желтоқсаннан 2024 жылғы 1 наурызға дейін қазақстандық жүргізушілер қысқы дөңгелекпен жүруге міндетті. Оны елемеу ӘҚБтК-нің 590-бабы бойынша 5 АЕК (2023 жылы 17 250 теңге) көлемінде айыппұл салуға әкеп соғады. Температураның нөлден жоғары болуы немесе қардың болуы маңызды емес.
Байқоңырға кіріп-шығу тәртібі жеңілдейді
qyzylordatv.kz телеарнасының хабарлауынша, 1 желтоқсаннан бастап Қазақстандықтар үшін Байқоңыр қаласына кірудің оңайлатылған тәртібі қолданылады.
Президенттің «Байқоңыр» кешеніндегі арнайы өкілі Қайрат Нұртайтың айтуы бойынша, 1 желтоқсаннан бастап үкіметаралық комиссиямен келісілген тәртіп күшіне енеді.
Қалаға тек БӨП арқылы кіруге болады. Онда барлық құжаттар, соның ішінде, Байқоңырға баруға рұқсат қағазы мұқият тексеріледі. Рұқсат алу үшін кем дегенде 10 күн бұрын қалаға бару себебін негізге ала отырып, өтініш беру қажет.
Белгіленген тәртіп туралы Байқоңырға келген адам 10 күн бұрын өтініш беруі керек. Келісімге өзгеріс енгізілді, ал ұзақ зерттеуден кейін пилоттық режимде шешім қабылданды. 1 желтоқсаннан бастап БӨП-не Қазақстан азаматтарына рұқсатнамалар берілетін болады, - деп түсіндірді Қайрат Нұртай.
Теңгедегі мерзімді депозиттердің шекті мөлшерлемесі төмендейді
«Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ теңгедегі мерзімді депозиттер бойынша шекті мөлшерлемені сәл төмендетуді ұсынды. Теңгедегі мерзімді депозиттер - қазақстандықтар арасында ең танымал депозит. Cалымшыларға кез келген уақытта ешқандай тәуекелсіз қаражатын алуға және толықтыруға мүмкіндік берілген.
1 желтоқсаннан бастап теңгедегі мерзімді депозиттердің жаңа шекті мөлшерлемесі 15,5%-дан 15,3%-ға төмендейді.
Аяз бола ма?
2023-2024 жылдың қысы 2001-2002 жылдың қысы сценарийі бойынша күтіледі, яғни жылы және жауын-шашын мөлшері нормаға жақын және одан да көп болады. Суық кезең ішінде республика аумағына Атлантика аудандарынан жылы және ылғалды ауа массаларының жиі енуі болжанады.
Алдағы қыста Қазақстан аумағы бойынша температуралық фон негізінен климаттық нормадан 1-2° жоғары болады деп күтіліп отыр. Желтоқсан айында ғана Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы климаттық норма шамасында, ал ҚР солтүстігі мен шығысында нормадан 1° төмен болады деп болжанады.
Қаңтар және ақпан айларында ҚР басым бөлігінде жауын – шашын норма шамасында және нормадан көп болжанады, желтоқсанда елдің басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері норма шамасында, республиканың солтүстік жартысында нормадан аз болады деп күтіліп отыр.
5 мың теңгелік банкноттар ауыстырылады
Ұлттық банк қаулысына сәйкес, биылғы 25 желтоқсаннан бастап 2011 жылғы 5 мың теңгелік банкноттар жаңа үлгідегі банкноттармен ауыстырыла бастайды.
Бүгін Ұлттық банк жаңа банкноттардың үлгісін таныстырған болатын.
Жаңа 5 мың теңгелік банкноттар биылғы желтосқанда қолданысқа енгізіледі. Ал ескі банкноттар 2024 жылғы 24 желтоқсанға дейін айналымда болады.
Жаңа үлгідегі банкноттар мен ескі үлгідегі банкноттар қатар айналыс кезеңінде (2023 жылғы 25 желтоқсан мен 2024 жылғы 24 желтоқсан аралығы – ред.) заңды төлем құралы болып табылады, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төлемдер мен аударымдардың барлық түрлерін жүзеге асыру, банктік шоттарға есептеу үшін олардың белгіленген құны бойынша қабылдануға міндетті, – делінген қаулы жобасында.
Оқушылар қысқы каникулға шығады
Елімізде мектеп оқушылары қысқы каникулда 10 күн демалады. Демалыс 2023 жылғы 29 желтоқсаннан 2024 жылдың 7 қаңтарына (қоса алғанда) дейін жалғасады.