Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

Түркістан облысында зауыттағы жарылыстан жарақат алған екінші жұмысшы көз жұмды

Түркістан облысында цемент зауытындағы жарылыстан ауыр жарақат алған екінші жұмысшы көз жұмды. Денесінің 100 пайызын күйік шалған 58 жастағы азамат Састөбе ауылының бейітіне жерленді, деп хабарлайды Paryz.kz агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Түркістан облысында зауыттағы жарылыстан жарақат алған екінші жұмысшы көз жұмды
Фото: azattyg.ruhy

Іске қосылғанына 70 жыл болған Састөбе ауылындағы цемент зауыты даудан арылмай-ақ қойды. Өткен аптада цехтардың бірінен шыққан жарылыстан үш адам ауыр жарақат алған еді. Осыдан кейін зауыт тоқтап, қызметкерлері жұмысқа шығуға үрейленіп қалыпты. Тіпті ашуға булыққан жұмысшылар Мәдениет үйіне жиналып, кәсіпорын басшыларын жазғырды.  

«Зауыттың архивін ашсаңыздар, біреуі аяғынан айрылған, біреуі қолынан айрылып жатыр. Механиканың бәрі ескі. Қай жерден болсын атқылайын деп тұр. Өмірін қиып жұмыс істеп отыр. Сіздер 100 пайыз білесіздер, шипажай неге бермейсіздер?! Бір шипажай көрген жоқ, айлығы 100 мың теңге», - дейді жұмысшылар.

100 мың теңгені алу үшін де көп жылдық тәжірибелі маман болуыңыз керек дейді. 70 мың мен 120 мың жалақы үшін жұрт 12 сағат шаң тозаң арасында жұмыс істейді. Тоз-тозы шыққан ескі зауытта сапалы униформа түгілі, бетке тағар респиратор да берілмей қалатын кезі көп деп отыр.

Ал зауыт басшылығы үш жыл бұрын ғана тоқырауда тұрған кәсіпорынды алғанын айтып ақталды. Сондықтан 600 жұмысшыға бірден жоғары жалақы беру мүмкін емес дейді. Бірақ жуық арада айлықты 30 пайызға көтеруге уәде беріп құтылды.

«Жалақы қорымыз бір жылға 900 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсаймыз. Салығымен қосқанда бір миллиард 200 миллиондай болады. Одан зауытты жаңғыртуға тағы бір жарым миллиард теңге шығындаймыз. Біз енді-енді аяққа тұрып келеміз. Сондықтан сәл шыдаңыздар, жалақыны көтереміз», - деді «Састөбе цемент» ЖШС бас директоры Александр Бартенев.

Жұмысшылар сапасыз униформа мен жалақыны былтырдан бастап айтып келе жатқанымен ешкім көзге ілмепті. Тек өткен дүйсенбі зауытта жарылыс болып екі адам өліп, біреуі ауыр жарақат алған соң ғана жұмысшылар құқықтарын талап ете бастаған. Зауыттың өзі уақытша цемент шығарып жатқан жоқ екен.

Оқыс оқиға болған бір аптадан бері өндіріс тоқтатылды. «Тергеу жүріп жатыр» деген желеумен зауытқа бөгде ешкімді жолатпайды. Кіріп-шығып жатқан жұмысшыларда іштегі жағдай туралы айтқысы келмейді. Сондай-ақ әбден тозығы жеткен кәсіпорынның толық қашан іске қосылары да белгісіз.