Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Биыл ШҚО-да 94 елді мекенді су басу қаупі бар

Бүгінгі таңда су тасқыны қаупі бар 94 елді мекен немесе 7191 тұрғын үй орналасқан 121 учаске анықталды.

Биыл ШҚО-да 94 елді мекенді су басу қаупі бар
фото: inform.kz

Қауіпті төмендету мақсатында Бұқтырма, Ертіс, Күршім, Үбі өзендерінде мұзды ұсақтау бойынша профилактикалық жарылыс жұмыстарын жүргізу үшін 18 учаске анықталды, деп хабарлады paryz.kz, Skifnews.kz-ке сілтеме жасап.

ШҚО әкімі Даниал Ахметов аймақта су тасқынының алдын алу және күресуге бағытталған дайындық шаралары туралы Instagram-дағы парақшасына жазды. Әкімнің айтуынша, ШҚО-да 94 елді мекенді су басуы мүмкін.

"10 ақпаннан су басу қаупі бар учаскелерді тексеру, сондай-ақ облыс аумағындағы гидрологиялық жағдайға аэровизуалды мониторинг жүргізу жұмыстары басталады. Бүгінгі таңда су тасқыны қаупі бар 94 елді мекен немесе 7191 тұрғын үй орналасқан 121 учаске анықталды. Мамандардың айтуынша, су басу қаупі Өскемен қаласы, Алтай, Катонқарағай, Тарбағатай, Глубокое және Бородулиха аудандарында орта деңгейден жоғары.

Үлбі, Таулы Үлбі, сондай-ақ Ертіс өзенінің Өскемен СЭС-нен Шүлбі су қоймасына дейінгі тұсында жүргізілген аэровизуалды зерттеу жағдайдың тұрақты екенін көрсетеді, алайда мұз қату байқалады. Облыс өзендерінің басым бөлігіндегі мұздың қалыңдығы 2018-2020 жылдардың көрсеткіштерінен жоғары. Бұқтырма өзенінде 60-70 см-ге дейінгі аралықта.

Қауіпті төмендету мақсатында Бұқтырма, Ертіс, Күршім, Үбі өзендерінде мұзды ұсақтау бойынша профилактикалық жарылыс жұмыстарын жүргізу үшін 18 учаске анықталды. Осыған байланысты су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізуге облыстық бюджеттен бірінші кезекте жарылыс және жағалауды нығайту жұмыстары үшін қажетті қаражат бөлінетінін атап өткім келеді. Сонымен қатар, барлық су қоймалардағы судың деңгейін бақылауды тоқтатпау қажет. Оның ішінде Қазсушаруашылығына қарасты аумақтар да бар.

Сондай-ақ, бірқатар аудандарда жердің қатуы 1,5 метрге жеткен. Жалпы, жердің қатуының орташа деңгейі өңірде 32-ден 97 см болса, қардың биіктігі 5-тен 40 см-ді құрайды. Бұл жердің әлі де қататынын аңғартады" деп жазды Даниал Ахметов.

Аймақ басшысының айтуынша, өткен жылдары болған су тасқынын ескере отырып, әкімдерге комиссия құру және алдын алу іс-шараларын бүгіннен бастау тапсырылды. Эвакуациялық пункттерді дайындап, оларды белгіленген талаптарға сәйкес жабдықтау қажет. Барлық тапсырмалардың орындалуын жұмыс тобы әр аудан және елді мекен бойынша жеке-жеке тексереді.