Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асқар Жұмабеков тәркіленген 17 келі 480 грамм тұқымнан қылмыскерлердің екі гектарға дейінгі алқапқа марихуана өсіре алатынын атап өтті.
Жамбыл облысының полицейлері Шу ауданының тұрғынынан 27 келіден астам есірткі тәркіледі, деп хабарлады paryz.kz, Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Жамбыл облысы Шу ауданының 44 жастағы тұрғынын ұстады.
"Оның үйін тінту барысында жалпы салмағы 10 келі 120 грамм кептірілген марихуана, 210 грамм гашиш, сондай-ақ 17 келі 480 грамм марихуана тұқымы салынған 14 пластикалық ыдыс пен қап табылып, тәркіленді", - деп жазды полиция сайты.
Бұл дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексі 296-бабының 4-бөлігі ("Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау") бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Ұсталған азамат кінәсін толық мойындап, Шу ауданының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асқар Жұмабеков тәркіленген 17 келі 480 грамм тұқымнан қылмыскерлердің екі гектарға дейінгі алқапқа марихуана өсіре алатынын атап өтті.