Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Қазақстандықтар кезекті қаржы пирамидасына 260 млн теңге салып, алданып қалған

Еліміздің 10 өңірінде «Eolus» компаниясының атымен қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына қатысты қылмыстық істер тергеліп жатыр, деп хабарлайды Paryz.kz. 

Қазақстандықтар кезекті қаржы пирамидасына 260 млн теңге салып, алданып қалған
Фото: Shutterstock

Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, қылмыстық істер Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жетісу облыстарында, сондай-ақ Алматы, Астана және Шымкент қалаларында тіркелді.

«Eolus» компаниясының шын мәнінде жұмыс істейтінің дәлелі ретінде, ұйымдастырушылар «ENERGY EOLUS QAZAQSTAN» ЖШС бір азаматтың атына тіркеу арқылы оны өздерінің қылмыстық іс-әрекетіне тартқан. Салымшылар қаражатты инвестициялау кезінде ақшаны алу үшін қажетті соманы жинақтай отырып, күн сайын 2,5-тен 3,5%-ға дейін пайда алады деп сендірген. Жаңа пайдаланушы тартылған кезде салым сомасының 10% мөлшерінде біржолғы ақшалай сыйақы, сондай-ақ жаңа пайдаланушының жыл ішіндегі күнделікті табысының 4%ы төленетін болған, - делінген хабарламада.

Осылайша, сыйақы сомасы жылдық 3000% құрады, ал ҚР Ұлттық банкінің базалық мөлшерлемесі жылдық 16% көрсетуде. Қазақстандағы өкіл ақша қаражатын екінші деңгейдегі банктегі өз шотына қабылдайды, содан кейін криптобиржаға аударып, айырбастауды жүргізеді. Соңында криптошелек арқылы «energyeolus.top» платформасындағы өз шотына аударады.

Тартылған азаматтардың жалпы саны кемінде 3 000 адам, оның ішінде 1 773 салымшы 259 млн теңге сомаға мүліктік зиян келтірілгені жайлы өтініш берген. ҚМА Қаржы пирамидаларын құру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын және мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейтінін ескертеді, – делінген хабарламада.

Егер сіз қаржы пирамидасының құрбаны болсаңыз, тұрғылықты жері бойынша Экономикалық тергеу департаментіне хабарласуыңызды сұраймыз. Call-center: 1458.  Экономикалық құқық бұзушылық фактілері туралы «АФМ Insider» телеграмма ботына хабарлауға болады. Компанияларды қаржылық пирамида белгілерінің бар-жоғына «Baiqa, piramida!» Телеграм боты арқылы тексере аласыз.