Прямая трансляция

Астана

Астана

-14.03°C

Алматыда 1,47 млрд теңгеге крематорий құрылысы басталып кетті

Сондай-ақ, Нұр-Сұлтандағы крематорийді салуға бюджеттен 1,74 млрд теңге қаржы қарастырылып отыр...

Алматыда 1,47 млрд теңгеге крематорий құрылысы басталып кетті
фото: Mega Build Kazakhstan

Алматы әкімдігі биыл қалада крематорий салғызбақ. Осыған орай, 2020 жылы Алматы қаласының жайлы орта басқармасы тендер өткізген. Оны "Mega Build Kazakhstan" компаниясы ұтып алған, деп хабарлады paryz.kz, orda.kz-ке сілтеме жасап.

Сайт тілшісі әкімдік тапсырысы бойынша салынғалы жатқан "Крематорийге қанша қаржы жұмсалады?", "Оны салатын қандай компания?" деген сұрақтардың жауабын іздеп көрген.

Мемлекеттік сатып алу сайтындағы дерекке сәйкес, "Mega Build Kazakhstan" ЖШС крематорий салу үшін өткізілген тендерді 2020 жылдың желтоқсанында ұтып алған. Тендердің құны – 1,47 млрд теңге. Тапсырыс беруші - Алматы қаласының жайлы орта басқармасы. Қос тарап жасасқан шартқа сай, крематорий құрылысы 2021 жылдың 21 қыркүйегінде аяқталуы тиіс. Бір айта кетерлігі, сатып алу бір көзден, яғни тікелей шарт жасасу арқылы жүзеге асырылған.

"Mega Build Kazakhstan" компаниясының ресми сайты крематорий құрылысы басталғанын хабарлап, бірнеше фото жариялаған. Сондағы мәліметке сүйенсек, крематорий Алматы қаласының Алатау ауданына қарасты Мөңке би (бұрынғы Ақын Сара) көшесінің солтүстігінде салынып жатыр. Құрылыс сипаттамасында крематорийдің бір залы мен екі пеші болатыны көрсетілген.

Uchet.kz сайтының мәліметінше, Алматыда крематорий салып жатқан "Mega Build Kazakhstan" компаниясының құрылтайшысы - Александр Смолкин. Бұл компания құрылыс нысандарын салумен және арнайы техникаларды жалға берумен айнылысады. Компания сайтындағы дерек бойынша, "Mega Build Kazakhstan" мердігер ретінде осы уақытқа дейін бірнеше элиталық тұрғын үй кешенін, "Tamos Education" оқу орталығын, сондай-ақ Азия газ құбырын және "Жетіген-Қорғас" теміржол желісін салуға қатысқан. Компания 2010 жылдан бері салық төлеп келеді. Ең көп салықты (71,2 млн теңге) былтыр төлеген.

Мемлекеттік сатып алу сайтындағы мәліметке қарағанда, компания бұған дейін де Алматы қаласының жайлы орта басқармасы өткізген тендерге қатысып, жеңіп шыққан. Мәселен былтыр бұл компания жоғарыда аталған басқармадан 64,2 миллион теңге тендер ұтқан.

Керематорий салғызуға тапсырыс берген Алматы қаласы жайлы орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашев 18 қаңтарда коронавирус жұққандарды емдейтін модульдік инфекциялық аурухана құрылысына бөлінген 3,9 миллиард теңге (9,3 млн доллар) қаражатты жымқырды деген күдікке ілінген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің мәліметінше, оған "сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу" бабы бойынша іс қозғалып жатыр. Еске сала кетсек, ол Алматы қаласы жайлы орта басқармасының жетекшісі қызметіне 2020 жылы маусым айында тағайындалған.

Қазақстанның ешбір өңірінде крематорий жоқ. Алматыда крематорий салу-салмау туралы дау Кеңес үкіметі кезінен бері жалғасып келе жатыр. Осы мәселе көтерілген сайын қала тұрғындараның пікірі екіге жарылады. "Өлген адамды өртеу - жат ғұрып" деп есептейтіндер қалада крематорий салуға қарсы, ал "өлген адамдарды жерлейтін қорымдар жетіспейді" дейтіндер «крематорий салатын уақыт жетті" деген пікірде.

Қала әкімдігі 2003 жылы кремация жабдықтарын жеткізетін чехиялық компаниядан екі кремация пешін алуға келісіп, сол жылы бюджеттен крематорий салуға қаражат қарастырған. Бірақ жоба кейінге қалдырылды.

Кейін, 2012 жылы Алматы әкімдігі бұл мәселені тағы бір рет көтеріп, қалада крематорий құрылысын бастамақшы болған. Алайда қаладағы ислам дінін ұстанатын тұрғындар мәйітті өртеуге қарсы шықты. Осыдан кейін Алматы құрылыс басқармасы крематорий ешқашан салынбайтынын мәлімдеген еді.

Дегенмен 2014 жылы қала әкімдігі крематорий салу бастамасын қайта көтеріп, құны 600 миллион теңге тұратын жоба дайындатқан. Бірақ сол кезде де жоба тоқтап қалған.

Алматыда салынып жатқан крематорий Қазақстандағы мәйт өртейтін жалғыз арнайы орын болмауы мүмкін. Өйткені Нұр-Сұлтан қаласында да зираты бар крематорий салынғалы жатыр. Бұл туралы Kursiv.kz іскерлік сайты жазды. Сайттың мәліметінше, ел астанасындағы крематорийді салуға бюджеттен 1,74 млрд теңге қаржы қарастырылып отыр. Оны қандай компания салатыны әзірге белгісіз.