Қазір кеншілер шаһарындағы көпқабатты үйлер мен жекеменшік тұрғын үй секторы жылумен толық қамтылған. Бірақ кейбір үйдің тұрғындары жылу көрсеткіштеріне шағымданып жатыр, деп хабарлайды Paryz.kz "Хабар24"-ке сілтеме жасап.
Жиырма шақты көпқабатты үйдің жағдайы күрделі. Ал әкімдік өкілдері «Екібастұз жылуэнерго» орталығында 5 қазандық тұрақты жұмыс істеп тұрғанын жеткізді.
Борангүл Мұфтақова төрт жыл бұрын жаңа үйден пәтер алып қуанышқа кенелген еді. Бірақ баспанасы сапасыз болып шықты. Жылу болған күннің өзінде жылытқыш құралды қоспай болмайды.
«Міне, қазанның бірінен бастап жылу берілген, бірақ бізде жылу жоқ. Осы бір комнатада отырамыз осылай. Міне сұп-суық. Батареялар бәрі суық. Жергілікті әкімдік өкілдерінің айтуынша қазір көпқабатты 20 үйде осындай жағдай қалыптасып отыр», - дейді қала тұрғыны Борангүл Мұфтақова.
Тұрғындардың шағымы тіркеліп, әр үй бойынша жеке комиссия құрылды.
«Қазіргі уақытта жылу станциясында бес қазандық істеп тұр. Шығу температурасы 73 градус, обраткасы 51 градус. Қазіргі уақытта Екібастұз қаласында жиырма шақты үйде проблемалар болды. Ол үйлерді зерттеп комиссиямен тексеріп шешім қабылдадық», - дейді қала әкімінің орынбасары Әнуарбек Аманов.
Әнуарбек Амановтың айтуынша, мәселенің 80 пайызы шешімін тапты. Бұл іске тұрғындар мен қатар пәтер иелері кооперативі де атсалысуы керек.
Еске сала кетейік Екібастұзда жылыту маусымына дайындық жаз бойы жүргізілді. Өткен қыстағы коммуналдық апаттан кейін жылу электр орталығыдағы қазандықтар жөндеуден өтті. Қолданыстағы 400 шақырым жылу желісінің 74 шақырымы ауыстырылды. Қазір қаладағы көпқабатты 690 және 5 мың 700 жер үйге жылу толық барып тұр.