Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

Қазақстан халқы 20 пайызға өсті

Ұлттық статистика бюросы stat.gov.kz ресми сайтында «2021 жылғы халық санағының» соңғы қорытындыларын жариялай бастады. Тақырыптық жинақтар талдаушылар үшін құнды дереккөз болып, барлық қажетті деректерді егжей-тегжейлі зерттеуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Paryz.kz. 

Қазақстан халқы 20 пайызға өсті
фото: Halyq Uni

Сайтта келесі бағыттар бойынша барлығы 9 жинақ жарияланады:

- «Қазақстан Республикасының халқы» (1-2 том)

- «Қазақстан Республикасындағы Ұлттық құрам, Діни наным және тілдерді меңгеру»

- «Қазақстан Республикасындағы білім беру»

- «Қазақстан Республикасы халқының өмір сүру құралдарының кірістері мен көздері»

- «Халықтың көші-қоны»

- «Қазақстан Республикасында халықтың жұмыспен қамтылуы» (1-2 том)

- «Неке және отбасы»

- «Қазақстан Республикасының үй шаруашылықтары»

- «Қазақстан Республикасындағы халықтың тұрғын үй сипаттамалары»

Айта кетейік, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары бойынша деректер санақ өткен уақытқа, яғни олар бөлінгенге дейін берілген. Бұл ретте жаңадан құрылған облыстардағы халық саны санақ деректерін ескере отырып қайта есептелген және stat.gov.kz сайтында жарияланған.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы желтоқсанда Бюро алдын ала қорытындыларды, 2022 жылдың шілдесінде қысқаша қорытындыларды ұсынды. Жинақтар түріндегі түпкілікті қорытындылар Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Ұлттық санақ жүргізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес жарияланып отыр, ондағы жариялау мерзімі – 2023 жылғы IV тоқсан. Айта кетейік, санақ деректерін өңдеу сауалнама деректеріндегі кейстерді ашу, дубльдерді, қате деректерді жою, онлайн санақ пен планшет дерекқорларын біріктіру, сондай-ақ 2009 жылғы санақ деректерімен, ағымдағы статистикамен және мемлекеттік органдардың әкімшілік деректерімен салыстыру және талдау бойынша жұмыстың мұқият атқарылуын қажет етті.

Бүгін Бюро оқырмандар үшін «Қазақстан халқы» жинағының бірінші және екінші томы бойынша талдаушылар атап өткен негізгі қорытындыларды ұсынады.

2009 жылдан бері халық саны 20% өсті

2009 жылғы санақтан бері Қазақстан халқы 20% өсті. Тиісінше, 2021 жылғы 1 қыркүйектегі санақ қорытындысы бойынша халық саны 19 186 015 адамды құрады.

Үш өңірде халық саны 2 млн адамнан асты – Алматы (2 146 576) мен Түркістан облыстары (2 054 021) және Алматы қаласы (2 030 285).

Бұл ретте санақ арасындағы кезеңде халықтың ең көп өсуі Астана қаласында – 2 есе (613 мыңнан 1 234 мың адамға дейін), Шымкент қаласында 1,5 есе (730 мыңнан 1 112,4 мың адамға дейін) және Маңғыстау облысында (485 мыңнан 735 мың адамға дейін) байқалды.

Урбанизацияның әлемдік тренді Қазақстанда да байқалады

Санақ қорытындысы бойынша қала тұрғындарының үлесі 5 пайыздық тармаққа өсті, 56,1%-дан 61,2% дейін. Тиісінше, ауыл халқының үлесі 43,9%-дан 38,8% дейін азайды.

Қала халқының саны 2,7 млн-нан астам адамға артты. Өткен 12 жыл ішінде қала халқының ең жоғары өсімі еліміздің 6 өңірінде – Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарында байқалды.

Ең урбанизацияланған аймақ – Қарағанды облысы, онда халықтың 80% қала тұрғындары (1 млн-нан астам адам).

Республикалық маңызы бар қалалар бойынша, санақ кезінде Астанада 1,23 млн адам тұрды, елорда халқы 12 жылда 2 есе өсті. Алматыда халық саны 2,03 млн адамды құрады, мегаполис тұрғындарының саны 580,6 мың адамға артты. Шымкент қаласының халқы 1,1 млн тұрғынды құрап, 381,6 мың адамға өсті.

Айта кетейік, екі санақ аралығындағы кезеңде аталған қалалардың әрқайсысында қосымша бір-бір ауданнан құрылды.

Халқы 50 мыңнан 99,9 мың адамға дейінгі қалалар саны 8-ден 14 бірлікке дейін өсті.

Гендерлік құрылым өзгеріссіз қалды

Қазақстандағы әйелдер саны ерлер санынан бұрынғыдай басым. 2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша олардың саны жарты миллионға (536,3 мың адамға) артық болды. Пайызбен айтсақ, ерлер үлесі – 48,6% (9 324 840 адам), әйелдердікі – 51,4% (9 861 175 адам). Алдыңғы санақпен салыстырғанда ерлер саны 1,6 млн, әйелдер саны 1,5 млн артты, Қазақстанда 1000 әйелге 946 ерден келеді.

Демография ерекшеліктеріне байланысты 36 жасқа дейінгі ер адамдар саны әйелдерге қарағанда көп, содан кейін ғана олардың саны арақатынасқа салғанда азая бастайды (36 жастан асқан әйелдер саны 736 мың адамға көп). Бұл ретте ерлер мен әйелдердің арақатынасы тек екі өңірде – Қызылорда және Түркістан облыстарында көп, онда 1000 әйелге сәйкесінше 1006 және 1027 ер адамнан келеді.

Алдыңғы санаққа қарағанда 15-19 жас және 20-24 жас аралығындағы әйелдер мен ерлердің саны азайғанына назар аударуға болады. Бұл 2009 жылғы халық санағы кезінде 20-24 жас аралығындағы топта туудың ең жоғары кезеңінде – 1980 жылдардың екінші жартысында туылған ұрпақтың болуымен байланысты.

Ал 2021 жылы бұл жас тобын 1990-шы жылдардың аяғы мен 2000-шы жылдардың басында дүниеге келген туу көрсеткіші төмен болған ұрпақ алмастырды. Сол сияқты 15-19 жас санаты бойынша 2002-2006 жылы туылған ұрпақ 1990-шы жылдардың бірінші жартысындағы ұрпаққа қарағанда аз.

2009 жылғы санақпен салыстырғанда 55-59, 60-64 және 65-69 жастағы ер адамдар саны сәйкесінше 50,2%, 117% және 69,5% айтарлықтай өсті. Осы жастағы әйелдер саны да 2009-ға қарағанда сәйкесінше 38%, 105,9% және 58,3% өскен. Аталған жас тобындағы халықтың өсуі орташа өмір сүру ұзақтығының артуымен, өмір сүру жағдайларының жақсаруымен байланысты.

Қазақстандықтар – жас ұлт

Қазақстандықтардың орташа жасы салыстырмалы түрде жас болып келеді. 2009 жылғы санақпен салыстырғанда орташа жас 31-ден 32 жасқа дейін өсті.

Санақ аралығындағы кезеңде 0-ден 15 жасқа дейінгі балалар саны айтарлықтай өсті. Егер олардың үлесі 2009 жылы сол кездегі халықтың жалпы санының 24,1% (3,9 млн адам) құраса, соңғы санақ қорытындысы бойынша олардың үлесі 29,4% (5,6 млн адам) болды.

65 жастан асқан егде жастағы халықтың үлесі де өсті. 2009-бен салыстырғанда 2021 жылы олардың үлесі 7,1%-дан 8,2% дейін өсті (1,6 млн адам).

Сонымен қатар, санақ қорытындысы бойынша Қазақстанда 101 жастан асқан 200-ден астам қарт адам тұрған.

Айта кетейік, өңірлер арасында балалар саны бойынша Түркістан облысы, 90 жастан асқан қариялар саны бойынша ШҚО көш бастап тұр.