Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Ақмола облысындағы 130-дан астам кәсіпорын елорданы азық-түлікпен қамтиды

Ақмола облысы өзінің аумақтық-географиялық орналасуын ескере отырып, негізінен Астана қаласының айналасында азық-түлік белдеуін құрайды, деп хабарлайды Paryz.kz. 

Ақмола облысындағы 130-дан астам кәсіпорын елорданы  азық-түлікпен қамтиды
фото: Хабар 24

Осылайша Астана тұрғындарының несібесінің молайып, қазанының майлы болуына Ақмола облысы барынша  өз үлесін қосып келеді.

Қазіргі таңда өңірде 130-дан астам кәсіпорын елордаға ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізумен тұрақты түрде айналысады.  Олар өз өнімдерін елордадағы «Магнум», «Астықжан», «Смолл», «Евразия», «Әлем», «Шапағат», сияқты 44 ірі сауда нүктелері мен базарларға  жеткізеді.

Мемлекет және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің қолдаулары нәтижесінде мал басы мен мал шаруашылығы өнімдерін өндірудің тұрақты өсімі жыл сайын қамтамасыз етіледі.

Атап айтқанда туристік аймақтағы алпыс сегіз  кәсіпорын елордаға  мал шаруашылығы өнімдері - ет және ет өнімдері, сүт және сүт өнімдерін жеткізеді.  8 ферма  Астананы  құс етімен және  жұмыртқамен қамтамасыз етеді. Тағы  54 кәсіпорын елорда дүкендерінің сөрелерін  өсімдік шаруашылығы өнімдерімен толтырады. Яғни,  ұн, картоп, көкөніс, өсімдік майы сияқты өнімдерді жібереді. 

Биыл азық-түлік белдеуі аясында Ақмола облысында 56,3 млрд теңгенің 28 жобасы жүзеге асырылды. Енді, олардың  әрқайсысына жекелей тоқталсақ,  ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша 2,6 млрд теңгеге 6 жоба іске қосылды.  5,8 млрд теңгеге сүт өндіру бойынша 5 жоба өз жұмысын бастады. Тағы 5 жобаға 1,8 млрд теңге бөлініп, ол қаржыға ет өндіретін ірі кәсіпорын ашылды. Ал құс етін өндіру бойынша 38,5 млрд теңгеге 3 жоба жүзеге асырылды. Ел қазынасынан  3 млрд.теңге бөлініп,  егістік суару бойынша 3 жобаның тұсауы кесілді.  Астық және көкөніс сақтау бойынша іске қосылған 5 жобаға бюджеттен 4,1 млрд.теңге жұмсалды. Бүгінгі күнге дейін картоп егетін шаруашылық басшылары көкөніс сақтайтын қойма болмағандықтан, өндірілген өнімді күзде сатып жіберетіндерін айтқан еді. Картоптың маусымы басталып,  таршылық жоқ кезде оның бағасы да арзан. Сондықтан жұмсалған шығын жабылғанмен,  пайдасы мақтанарлық емес еді. Соңғы жылдары кәсіпкерлер көкөніс сақтайтын кәсіпорын ашуға көп көңіл бөліп келеді. Мәселен, биыл Атбасар ауданы Шуйское ауылындағы Ақмола облысы бойынша  ең алғашқы әрі ірі көкөніс сақтайтын қойма ашылды. Мұнда 10 мың тоннаға дейін картоп, сәбіз және қырыққабат сақталатын болады.

Сондай-ақ  1 жоба жылыжай құрылысына арналып, оған жарты  млн. теңге бөлінді.

Ақмола облысының кәсіпкерлік және туризмді дамыту басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2023 жылдың қаңтар-тамыз айларында облыс кәсіпорындары 1122,7 млрд теңгенің тауарлық өнімін өндірді. Өнеркәсіп өндірісінің өсуін сипаттайтын көрсеткіш – нақты көлем индексі 116,0%-ды құрады. Өнеркәсіп өндірісі бойынша ең үлкен үлес Степногорск қаласына – 23,9%, Зеренді ауданына – 24,0%, Көкшетау қаласына – 18,6% келеді.

Ал азық-түлік өндірісінде ет және ішкі өнімдер өндірісі 18,3%-ға,  өсімдік майы 60,9%-ға, ал  сары май өндірісі 39,2%-ға өскен.

Осылайша, жыл сайын Ақмола облысы Астанаға жіберетін азық-түлік көлемінұлғайтып отырады. Бұл ретте облыстық  ауыл шаруашылығы басқармасы азық-түлік белдеуі шеңберінде қолға алынған жобаларды жоспарланған мерзімде  іске қосуды, сонымен қатар  мал басы мен ет және сүт өндірісінің өсімін қамтамасыз етуді басты назарда ұстайды.